НАТО Ресей ұсынған келісім жобасын қабылдай ма?

Жұма күні Ресей сыртқы істер министрлігі НАТО елдерімен екіжақты қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған келісім жобасын жариялады, деп хабарлайды Хабар 24.

Сонда қойып отырған басты шарты – әскери одақтың шығысқа қарай кеңеюінен бас тартуы. Сондай-ақ НАТО Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерінде кез-келген әскери әрекет жасаудан бас тартуы керек.

Сергей Рябков, Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары:

– Батыс елдер Ресейдің НАТО-ға қойған табанды талабын жақсы біледі. Оған сәйкес 2008 жылы Бухаресттегі саммитте Украина мен Грузияны одағына алу шешімінің күшін жоюы керек. 

Алайда НАТО Ресейдің бұл ұсынысын қабылдайтын түрі жоқ. Ұйымның бас хатшысы Йенс Столтенберг НАТО-ның өзге елдермен қарым-қатынас мәселесін бөтен жақ шешпейтінін мәлімдеді.

Йенс Столтенберг, НАТО ұйымының бас хатшысы:

– Ресейдің жақында жасаған ұсыныстарын алдық. Ресеймен кез-келген диалог Еуропадағы қауіпсіздік жөнінде негізгі қағидаттар мен құжаттарға негізделіп, Украина секілді одақтастарымызбен кеңесе өтуге тиіс. Егер Ресей шиеленісті шешуге бағытталған, нақты қадамдар қабылдаса, өзара сенім шараларын күшейту бойынша еңбек атқаруға дайынбыз.