Украина пластикалық бұйымдармен күресті күшейтпек

Украинада бір рет қолданылатын пластмасса бұйымдарының өндірісі мен айналымын шектеу туралы заң жобасы әзірленді.

Пластикалық ыдырдастармен күресті күшейтуге бағытталған құжат қазіргі күні қоғамда қызу талқыланып жатыр. Заң нормасы - бір рет қана қолданылатын пластмасса бұйымдарының жекелеген түрлерін өндіру және ел аумағына тасымалдау  әрі  Украинада таратуды шектеуді қатаң қадағаламақшы.

Украина супермаркеттері мен дүкендерінде  целлофандарды тегін таратуға осы жылдың оныншы қаңтарында Заң бойынша тиым салынған еді. Енді міне парламентке  бір рет қолданылатын пластмасса бұйымдарының өндірісі мен айналымын шектеу туралы номері 6077  заң жобасы тіркелді. «Бұл құжатты ұзақ күттік, өйткені заң жобасы тұтынушы ғана емес, ең алдымен бизнеске жауапкершілікті жүктеп отыр», – дейді қоғам қайраткері, эколог – Сергей Волков.

Сергей Волков, эколог:

– Заң құжатында ең алдымен жауапкершілік сол пластикалық ыдыстарды өндірушілерге жүктеледі. Тек сатылым емес, тауардың ары қарайғы кезеңін кәсіпкер ойластыруы қажет. Сондықтан нөмірі 6077 құжаты пластикалық ыдыс-аяқ қана емес, бір рет қолданып жүрген гигиеналық заттардан бастап құлақ таяқшалары сияқты 8-9 позицияны қамтып отыр.

Парламенттегі заң құжатында бір рет қолданылатын пластмасса бұйымдары, оның ішінде ыдыс: қасық пен шанышқы сияқты тұрмыста көп тұтынатын заттардан бөлек, жөргектер мен жеке гигиена материалдары, сусындарға арналған контейнерлердің өндірісі мен оларды ел аумағына тасымалын тоқтату туралы норма бар. Алайда экоактивист Наташа Яновская жауапкершілікті тұтынушы және кәсіпкермен қатар мемлекетке де жүктеудің маңызы зор дейді.

Наташа Яновская, Киев қаласының тұрғыны:

– Бұл мәселені шешуде мемлекет қарқынды атсалысуы керек. Пластмассаларды кәдеге жаратуды, сондай-ақ оны белгілі бір көлемдегі өндірісін  шектеуді заң қамтуы керек деп ойлаймын.  Украинада тағы бір үлкен проблема - пластик қалдықтарын жинайтын қоқыс жәшіктері аз. Кәдімгі пластик бөтелкелер мен қаптамаларды дер кезінде тастай алмай зар боласың.

Бір рет қолданылатын пластмасса бұйымдарын таратпау туралы заң жобасы әсіресе жергілікті тұрғындардан қолдау тапты. Дей тұрғанмен заң күшіне енсе, ең алдымен оның атқарылуын қадағалау қажет дейді, – украина азаматтары.

– Өте орынды заң жобасы, қабылданғанын қалаймыз. Орманда толған осындай ыдыстар. Бұл жерде жауапкершілік бизнеске ғана жүктелмеуі қажет. Бір реттік ыдыстар өте қымбат тұруы керек, сонда ғана олардың саны азаймақ.

– Қолдайтын қажет заң, мұндай заттар дүкен сөрелерінде тұрмауы қажет.

– Штраф. Заңды бұзушылар қаржылай қатаң жазалануы керек. Әсіресе, бір реттік пластикалық ыдыстарды қолданушыларға қарсы айыппұл көлемін көтеру керек.

Бір рет қана қолданылатын пластикалық ыдыстарды пайдалануға тыйым салу туралы заң жобасын бұзушыларға 700 доллардан 7 мың долларға дейін айыппұл салу жоспарланып отыр. 

Аида Қыдырбай, Петр Борейко