Қытай билігі 300 млн адамды коньки мен шаңғыға тұрғызбақ

Қысқы Олимпиада қарсаңында Қытайдың көптеген өңірінде халықтың спортпен шұғылдану белсенділігі артты, деп хабарлайды Хабар 24. Шаңғы тебу базаларында қараша мен қаңтар айларындағы тапсырыстар саны былтырғымен салыстырғанда 400 процентке өсті. Жалпы алдағы жылдары 300 миллиондай адам коньки киіп, шаңғыға тұруы керек. 

Қысқы Олимпиадаға дайындалудағы басымдықтарының бірі – қысқы спорт түрлерін насихаттау болды. Бұл, тіпті, арнайы құжатта белгіленген болатын. Осы орайда жергілікті билік орындарына үлкен жауапкершілік артылған. Өңірлер спорт мектептерін ашып, түрлі шара өткізуге тиіс. Қытай билігі алдағы жылдары 300 миллион адамды коньки мен шаңғыға тұрғызу мақсатын қойған.

Владимир Корепин, нұсқаушы:

– Бұл сала бұрын Қытайда аса дамыған жоқ. Алайда соңғы кезде Олимпиада қарсаңында бұл бағытты белсенді дамытып жатыр.

Тимур Акчурин, спорт мектебінің жетекшісі:

– Күн сайын спорт мектебімізге көп адам жазылып жүр. Былтыр жазғы маусымда Қытай аумағында таушаңғы шипажайы ашылды. Жыл бойы жаттығуға болатындай тоңазытқыштармен жабдықталған. Қазір Бейжің қаласы мен төңірегінде жеті, ал Олимпиада өтетін ауданда 5 таушаңғы кешені бар.  

Елде балалар мен ересектерді шаңғы, коньки, сноуборд тебуге жаппай баулып жатыр. Ол үшін 3 мыңдай олимпиадалық орталық пен арнайы мектеп жұмыс істеп келеді. Жергілікті тұрғындар да жаңа үрдісті зор қызығушылықпен қабылдап отыр. 

– Айына бірнеше рет келіп тұрамын. Шаңғы тебу көңілімді босатуға көмектеседі. Көбісі осында Олимпиаданың арқасында келіп жүр деп ойлаймын. 

– Мұнда алғаш рет келдім. Достарым шаңғы тебу қызық дейді. Интернетте ақпарат іздеп, осында келуді шештім.

Қысқы спорт түрлерін дамыту халықтың денсаулығын нығайтумен қатар, тиесілі салалар мен қызметтерді ілгерілетуге көмектеседі. Қысқы Олимпада мен Параолимпиада ойындары келер жылдың ақпан-наурыз айларында өтеді. Спортшылар мен өзге қатысушылар жабық аймақта болады.

Ботагөз Сырғабаева