Қырғызстанда парламенттің жаңа құрамы жұмысқа кірісуге дайын

Жуырда Орталық сайлау комиссиясы жаңа құрам құзіретінің заңдылығын ресми түрде қабылдады, деп хабарлайды Хабар 24.

Енді депутаттар алдағы бес жылда қандай жағдайда жұмыс атқаратынын пайымдап түсінуі керек. Парламенттің жаңа құрамына 6 саяси партиядан 54 депутат және бірмандатты аймақтардың 34 жеңімпазы кірді. Дауыс есептеудің электронды жүйесі ең маңызды сәтте істеп шығып қалды. Қолмен қайта санауға үш апта кетсе де, бұл сайлау қорытындысына әсер еткен жоқ. Жогорку Кенешке «Ата-Жұрт Қырғызстан», «Ишеним», «Ынтымақ», «Альянс», «Бүтін Қырғызстан», «Ыйман Нұры» партиялары өткен. Ал жеңілген партиялар электронды есеп ереже бұзушылықпен өткенін алға тартып, сайлау нәтижелерін дауға беруге тырысты. 

Мұратбек Сұлтанбеков, саясаттанушы:

– Жеке өзім аймақтарда жұрттың наразылығын байқаған жоқпын. Халық ауқымды шаралар ұйымдастырмай, көшеге шыққан жоқ. Бұл нені білдіреді? Аймақтарда сайлау таза өтті деуге болады. 

Енді жаңа депутаттар ант беруге дайын кезде Жогорку Кенештің жетінші шақырылымында саяси үрдіс қалай өтетіні жөнінде сауал туындады. Бұрынғы құрамында көпшілік дауысқа ие болған партиялар коалиция құрып, үкімет жасақатаған болатын. Азшылықта қалғандары оппозицияны құрады. Ал қазір құрамында 6 партия өкілі мен бірмандатты аймақтардан сайланған 36 депутат бар. Кейбіреуі алғаш рет сайланып отыр. Сондықтан депутаттарға қандай саяси бағытты ұсатанатынын таңдау қажет.

Бақыт Бакетаев, саясаттанушы:

– Өкінішке орай, дауыстардың электронды есебінде ақау болды. Бұл бір қарын майды шіріткен құмалақ секілді болды. Сондықтан депутаттарға алдағы бес жылда оның ащы дәмін татуға тура келеді. Әр сайын көпір мен мектеп салу секілді әлеуметтік мәселелер шешумен қатар халық мүддесін қорғауға лайықты екенін дәлелдеп тұруы керек.   

Сайлау жөнінде заңға сәйкес саяси партиялар тізімінде әйелдер саны 30 проценттен төмен болмауы тиіс. Бұл ережені сақтап, партиялық тізімдер бойынша Жогорку Кенешке 19 әйел өтсе, бірмандатты аймақтарда жағдай одан күрделі. Ешқайсысында нәзік жандар жеңіске жеткен жоқ. Алайда бұл жағдайды өзгертуге мүмкіндік әлі де бар. Бішкек пен тағы екі округта қайта сайлау өтеді. Мұнда сайлаушылардың көбісі бәріне қарсы дауыс берген, ал жаңа үміткерлер арасында әйел саны аз емес. 

Авторы: Бақыт Чермашев