Жер бетіндегі ең ірі орман бес жылдан кейін жойылуы мүмкін

 

Әлемде адамзат тарихында бұрын-соңды байқалмаған өзгерістер болып жатыр. Мұз жамылған Арктикада аптап ыстық тіркелді. Жер бетіндегі ең ірі орман – Амазон алқабы бар болғаны 5 жылдан кейін ағашсыз қалуы мүмкін. Жылдың бір мезгілінде ғана жолдағының бәрін жайпап өтетін торнадо енді АҚШ-та қалыпты жағдайға айналмақ.

Амазон өзенінің бойында орналасқан әлемдегі ең ірі тропикалық орман 5 жылдан кейін жойылуы мүмкін. Бұл туралы құрамына 200 сарапшы тартылған ғылыми топ мәлімдеді. Мамандар жариялаған есепте 2 негізгі теріс фактор айтылған. Олар: климат өзгерісіне байланысты ғаламдық температураның көтерілуі және Амазон орманының үлкен бөлігі орналасқан Бразилиядағы ағаштарды жаппай кесу. Мамандар жасыл желектің 25-ақ проценті оталған күннің өзінде экологиялық апатқа айнала бастайды дейді. Ал Бразилиядағы Амазон орманының ағаштарын кесу көрсеткіші биыл соңғы 15 жылда ең жоғары деңгейге жеткен. Осы аптада экологтар ағаш сату бойынша жалған құжат жасаумен айналысқан жүздеген компанияның схемасын әшкереледі.

Раони Раджао, Жерді пайдалану бойынша сарапшы:

– Бразилияның Қоршаған орта және табиғи ресурстар институтында «ағаштар заңды жолмен кесілді» деген жалған құжат беру фактілері анықталды. Алаяқтар бұл куәлікті тұтынушыларға көрсетіп, саудасын жүргізіп келген. Осындай заңсыздықтар орманның жою процесін тездетуде.

АРКТИКАДА +38 ГРАДУС ТІРКЕЛДІ

Ал Арктикада күн жылынып жатыр. Бүкіләлемдік метеорология ұйымы Сібірдегі ресейлік Верхоянск қаласында ең ыстық ауа райын ресми тіркеді. Былтыр 20 маусымда Якутияда температура бағаны 38 градусқа жетіп, орман өртеніп, ауаға көміртегінің рекордты көлемі тараған. Ғалымдар климаттың бұл өзгерісі бүкіл адамзатты алаңдатуы тиіс деп есептейді.

Клэр Нуллис, Бүкіләлемдік метеорология ұйымының ресми өкілі:

– Ыстық ауа райына байланысты Арктика теңізіндегі алып мұздар жаппай ери бастады. Ғаламдық климат өзгерісі болмағанда, бұл мүмкін емес те еді. Зерттеу жұмысын жалғастырып жатырмыз. Калифорниядағы Өлім аңғарында былтыр да, биыл да температура 54 градустан жоғары болды. Мұның барлығы қорқынышты көрсеткіштер.

АҚШ-ТА ТОРНАДО ҚАЛЫПТЫ ЖАҒДАЙҒА АЙНАЛАДЫ

АҚШ-та күннің жылынуы торнадоның көбеюуіне әкелмек. Бұл елде құйын енді әдеттегідей көктемде ғана емес, жылдың кез келген мезгілінде соғып, қалыпты жағдайға айналуы мүмкін. Өткен аптада ғана 6 штаттың аумағында бірнеше торнадо тұтас қалалар мен елдімекендерді талқандап, жүзге жуық америкалықтың өмірін қиды.