Ұлыбританияда 100 мыңнан астам адам ковид жұқтырды

Алайда билік түрлі шектеу шараларын енгізгенмен, локдаун жариялауға асығар емес, деп хабарлайды Хабар 24.

Ұлыбритания омикрон штамының кең таралуына байланысты вирусқа қарсы «Молнупиравир» және «Ритонавир» дәрілерінің 4 миллионнан астам курсын сатып алды. Олар індеттің бастапқы кезеңде ағзаға тарап, көбеюін тоқтатады және аурудың ауыр ағымын тудырмайды. Ұлыбритания Денсаулық сақтау агенттігі коронавирустың жаңа түрінің бір тәулікте 13 мыңнан астам жағдайы тіркелгенін растады. Бүгінде омикронды жұқтырғандардың жалпы саны бүкіл ел бойынша 74 мыңнан асады.

Саджид Джавид, Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі

– Біз жағдайды жіті қадағалап отырғанымызбен, ол тез өзгеріп жатыр. Жергілікті және сырттан келіп жатқан ақпараттарды сарапшылармен бірге талқылаудамыз. Рождествоға дейін қосымша шектеулер жариялаудың қажеті болмағанымен, біз міндетті түрде бәрін бақылауда ұстаймыз.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон халық рождестволық мерекелерді емін-еркін атап өте алады деп мәлімдегенімен, 25 желтоқсаннан кейін қатаң шектеулер енгізілуі мүмкін екендігін ескертті.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Егер жағдай нашарласа, жедел әрекет етуге дайынбыз. Рождество кезінде барлығыңызды аса сақ болуға, өздеріңізді және жақындарыңызды қорғап, осал топтарға кіретін адамдарға, әсіресе, абай болуға шақырамын. Нұсқаулықтарды орындауды ұмытпаңыздар.

Соңғы 24 сағат ішінде 100 мыңнан астам адамның ковидті жұқтырғаны белгілі болды. Бұл өткен тәулікпен салыстырғанда 13 мыңға көп. Сонымен қатар 140 науқас коронавирустан көз жұмған. Бүгінгі таңда 8000-нан астам адам ауруханада жатыр. 850-дейі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Ревакциналау науқаны да қарқынды жүріп жатыр. Соңғы тәулікте 1 миллионға жуық адам үшінші екпені алып үлгерді. Барлығы 31 миллионға жуық британиялық иммунитеттерін күшейткен.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы