Грузияға қар қалың жауды

Әдетте күн шуағына бөленген Грузияда қалың қар жауып, аяз соқты. Жолдарда мұз қатқандықтан елдің көптеген өңірлерінде көлік қозғалысы кептеліп қалды.

Ресей шекарасына баратын жолдың жабылғанына бірнеше күн болды. Арнайы қызметтер қар көшу қауіпі жөнінде ескерткен. Таулы Аджария өңірінің жолдарында қар қалыңдығы бір метрге жетіп отыр. Осының кесірінен бірнеше ауылды мекен оқшауланып, электр қуатынсыз қалды. Елдің батыс пен шығыс аймағын жалғайтын Рикот тау шатқалында жүріп жатқан құрылыста бір адам қаза тапты. 

Леван Купаташвили, Грузия автожолдар департаменті жетекшісінің орынбасары:

- Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық қажетті мамандар жұмылдырылды. Қалың қар жауып тұр, құрылым оның салмағын көтере алмаған секілді. Бірақ нақты себебі тергеу барысында анықталады. Грузияның бір азаматы қаза тапты. Жарақат алған тағы 10 адамның денсаулығы қалыпты. Оның жетеуі Грузия тұрғыны, ал үшеуі Қытай азаматы. 

Грузияның қоршаған орта бойынша ұлттық агенттігінің мәліметінше, алдағы бір тәулікте қар жауып, күшті жел тұрады. Таулы аудандарда қалың қар жауып, тіпті электр желілері қатып қалуы мүмкін. Ал елдің батыс аймағындағы теңізде дауыл соғады.