Италияда бетперде кию қайта міндеттелді

Италияда коронавирустың күшеюіне байланысты карантиндік шектеу шаралары күшейтілді. Елдің денсаулық сақтау министрінің хабарлауынша, бұдан былай халық қоғамдық орындарда және сыртта бетперде киюге тиіс.

Аймақтағы түнгі клубтар жұмысын уақытша тоқтататын болады. Сонымен қатар елдегі электрондық green pass (грин пас ) сертификатының жарамдылық мерзімі 9 айдан 6 айға дейін қысқартылады.

Айта кетейік, кеше Италияда  коронавирусқа шалдыққандардың тәуліктік көрсеткіші 45 мыңға жуықтады. Бұл Италия  үшін рекордтық көрсеткіш. Науқастардың 28 проценті «омикрон» жұқтырған.

Роберто Сперанца, Италияның денсаулық сақтау министрі:

– Қаңтардың 31-іне дейін ойын-сауық кештерін өткізуге тыйым салынды. Мереке күндері топтасып жиналу қауіпті болуы мүмкін.

САУДА ОРЫНДАРЫ МЕН КИНОТЕАТРЛАР ЖҰМЫСЫН ТОҚТАТАДЫ

Шектеу шаралары Бельгияда да енгізілді. Жергілікті Үкімет желтоқсанның 26-сынан бастап елдегі барлық кинотеатр мен театрларды, сонымен қатар, сауда орындарының жұмысын уақытша тоқтатты. Саудагерлер жаңа шектеулер орасан зор шығын әкеледі деп алаңдайды. Мәселен кәсіпкерлер қаңтардың 2-сіне дейін қызу жұмыс болатынына сенімді болған. 

Бернар Фах, кинотеатр менеджері:

– Біз үшін бұл күтпеген жағдай. Әлем елдерінде жүргізілген зерттеулердің нәтижесі бойынша вирустың таралуына кинотеатрлардың жұмысы айтарлықтай әсер етпейді. Сондықтан жұмысымызды жүргізе береміз деп сенген едік.

МАКРОН ХАЛЫҚТЫ САҚ БОЛУҒА ШАҚЫРДЫ

Франция президенті Эммануэль Макрон да инстраграмдағы парақшасында халықты барынша сақ болуға шақырды. Жуырда ел билігі жаңа жылдық іс-шараларды ұйымдастыруға тыйым салып, тұрғындарды үйден жұмыс істеуге үндеді. Десе де, Еуропаның өзге елдері сияқты қатаң шараларды қабылдаудан бас тартты.