Прага мэриясы кәсіпкерлерді шығынға ұшыратты

Омикроннан шошынған Прага мэриясы рождестволық жәрмеңкелер өткізуге тыйым салған еді. Бірақ мейрамға дәл бір-ақ күн қалғанда қайта рұқсат берді. Бұған кәсіпкерлер абдырап қалды. Өйткені жылда бұл уақытта саудасы жүріп, пайдаға кенеліп жататын жұртта көңіл-күй жоқ. Себебі мейрамханалар алдын ала тапсырыс алса, жәрмеңкеге шыққан саудагерлер жұрттың көзін үйретіп, шатырларын алдын ала құруы тиіс еді.

Мэрияның бір шешімді болмауы кәсіпкерлерді шығынға ұшыратты. Өйткені мерекеге жиылған жұртқа қызмет көрсету үшін көшеге павильон орнатса, онысы бір-ақ күн жұмыс істеді. Сосын қайта бұзды. Яғни бір күнгі сауда тасымалдау шығынын да ақтаған жоқ. 

Теодор Мянковский, Прага мэриясы бөлімінің басшысы:

- 25 желтоқсанға қараған түні Чехияның бұрынғы үкіметі қабылдаған төтенше жағдай тәртібінің күші жойылады. Жаңа кабинет оны ұзартпауды шешті. Жалпы үкіметтің қазіргі құрамы әуелден-ақ карантинді жеңілдетілуді қолдады. Өкінішке орай, қазір көріп тұрғандарыңыздай бүкіл қызмет көрсету саласы, оның ішінде жәрмеңке өткізушілерге қиындық туды. Кәсіпкерлерді қуантар жалғыз жайт, үкімет қысқы мейрамдар кезінде жаңадан шектеулер енгізуді көздеп отырған жоқ. 

Мейрамханалар да есігін ашуға асығар емес. Өйткені бұған дейін оларға сағат түнгі оннан кейін жұмыс істеуге тыйым салынған еді. Сондықтан қазір мейрамхана иелері екі ойлы. Енді министрлер кабинетінен нақты жоспар мен шектеусіз жұмыс істеуге кепіл беруін күтіп отыр. 

Ян Чепецкий, мейрамхана менеджері:

- Бұл жыл бір шешім шығарып, сосын оған кереғар тағы бір шешім шығара салуға болатынын көрсетті. Тіпті бұл бір апта ішінде болып тұрған жағдай. Қазір бізге жұмыс істеуге рұқсат берді, мейрамға тауар сатып алуымыз керек. Бірақ мәселен, сәрсенбі күні қайта локдаун енгізе салмасына кепіл жоқ. Праганың әр мейрамханасы шамамен 50 мың доллар табысынан айырылды. Ешкім мерекелік корпоратив пен кештер өткізген жоқ. Ал бұрын желтоқсан айында бос орын болмайтын.

Денсаулық сақтау министрі ел тұрғындарын санитарлық талапты сақтап, Рождество мен жаңа жылдық шараларға қатыспауға шақырды. Сөйтіп, кәсіпкерлер әрі-сәрі күйде отыр. Дегенмен, 18-і көшеге шатыр тігіп, саудаға кірісті. Пайда таппасақ та жұртқа қызмет қылып, көңілін көтерейік дейді олар.

Александр Грэс, Павол Демитра