Кремль Даниядан 3 млн рубль тұратын шыршалар сатып алды

Жаңа жыл жақындаған сайын шырша саудасы қыза түсуде. Мереке қарсаңында жаңажылдық безендіру үшін Кремль Даниядан үш миллион рубль тұратын шыршалар сатып алды, деп хабарлайды Хабар 24.

Даниядан барлығы 32 шырша сатып алынса, оның ішінде 19 ағаш «супер-премиум» класқа жатады. Ең қымбат ағаштың бағасы – 316 мың рубль, ең арзан деген шыршаның бағасы 6 мыңға жуықтайды.

Ресей шыршалы ормандарының алып жатқан жері бойынша әлемде көш бастап тұр (76,6 миллион гектар). Жыл сайын 5 мың гектарға жуық жер бірыңғай жаңажылдық шыршаларды өсіру үшін пайдаланылады.

Еске салайық, өткен жылы Ресей Мәскеудегі Кремль алаңына 25 метрлік тірі шырша орнатқан болатын.

Елде карантиндік шектеу шаралары қатаң сақталады. Мәскеуде Жаңа жылды жаппай тойлауға және дәмханалар мен мейрамханалардың жұмыс істеуіне тыйым салынған.