Жаңа жылдық бұйымдар жасау грузиялық қыз-келіншектердің күнкөрісіне айналды

Грузия жаңа жылға тыңғылықты дайындалып жатыр. Жергілікті халық қыстың басты мерекесін мерекелік тағамдар дайындап, қолдан жасаған ойыншықтармен қарсы алғанды ұнатады, деп хабарлайды Хабар 24.

Пандемия кезінде шеберлер тіпті көбейді. Тбилисидің жәрмеңкесінде жаңа жылдық ойыншықтар мен жарқырағыш шамдардан бастап қалаған затыңызды таба аласыз. Жергілікті шеберлер мерекеге тыңғылықты дайындалған. Көздің жауын алатын бұйымдар көбейіп, сиқыр әлемінде жүргендей сезінесіз. Тинатин Хеидзе 5 жылдан бері ойыншық, шырша шары және өзге бұйымдар жасаумен айналысады. Шебер заттарға түрлі түсті сурет салып безендіреді. Пандемияда тапсырысты онлайн алуға көшкен.

Тинатин Хеидзе, шебер:

– Бұл көп уақыт пен еңбекті талап ететін жұмыс. Бұйымдарыңыз тұтынушылар көңілінен шығу үшін өзіңізге тән әдіс-тәсілдер болғаны абзал. Бірақ қазір бұл жұмыспен көп адам айналысатын болды. Нарықта қолдан жасалған түрлі бұйымды көруге болады. Әйелдердің 80 проценті осындай жолмен күн көреді.

Грузияда ойыншықтардан бөлек жаңа жылдық тәттілерді жақсы көреді. Қазір ұлттық зімбір печеньелері халық арасында сұранысқа ие. Оларды баласы бар үйдің бәрі пісіреді. Кейбірі шеберлігін шыңдап танымал болған. Юлия Лазарева 8 жылдан бері осы кәсіпке бет бұрған. Өнімдері Ресей, Америка, Еуропа, Украина және Қазақстанға жеткізіледі. Бірақ пандемия табысына біраз кері әсер еткен. 

Юлия Лазарева, кондитер:

– Кейінгі 2 жылда тапсырыс тек мереке кездері көбейетін болды. Бірақ ең көп тапсырыс жаңа жыл қарсаңында түседі. Себебі адамдар әсем сиқырға сенеді. Мен оған қарашадан бастап дайындаламын.

Қолөнер шеберлері мереке күндері тапсырыстың көптігінен бас алмай жұмыс істейді. Олар балалар мен ересектерге ертегідей әлем сыйлайтынын мақтан тұтады.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили