Киевте пәтер бағасы шарықтады

Украинада 2021 жылы бір және екі бөлмелі пәтер бағасы 40 процентке дейін қымбаттаған. Әсіресе жаңа ғимараттағы баспанаға сұраныс жоғары. 2022 жылы да пәтер құны 20 процентке өсуі мүмкін деп болжайды сарапшылар. Киевте пәтер бағасы неге шарықтады?

2014 жылдан бері Украина шығысында жағдай тыныш емес, Донецк және Луганск облыстарының бір бөлігі ресми Киевке бағынудан бас тартқан, соғыс әлі басылған жоқ. Осы өңірдің кем дегенде бір жарым миллион бейбіт тұрғыны үй-жайын тастап, босып кетуге мәжбүр. Шығыстағы тынышсыздық  қаржы ұйымдары, әсіресе банк жұмысына да салқынын тигізді. Украинада 90-нан астам банк жұмысын жалғастыра алмай тығырыққа тірелген. Халық қаржы ұйымдарында сақтап жүрген ақшасын жылжымайтын мүлікке сала бастаған. Осылайша 2021 жылы Киевте пәтер бағасы қатты шарықтап кетті, баспана алушы адамды бұл елде «инвестор» деп атайды.

Ольга Петрова, жылжылмайтын мүлік нарығының маманы:

- Бір және екі бөлмелі пәтерге сұраныс жоғары. 2020 жылы бір бөлмелі пәтердің бағасы 40-50 мың доллар тұрса, қазір жаңа ғимараттағы ремонт көрмеген бағасы 70-75 мың долларға барады. Метродан аса алыс емес баспанаға сұраныс көп. Инвесторлар сатып алып, жалға беру бизнесін жолға қойған. Елде 90-ға жуық банк жабылды, қаржы ұйымдары тұрақсыз. Сондықтан ақшасы бар адамдар қаражаттарын банкке емес, жылжымайтын мүлікке салады. Бұл тиімді бизнес.

Банктерде үлкен көлемдегі ақшаны сақтау қауіпті әрі депозит мөлшері аз, сондықтан тиімсіз, дейді жылжымайтын мүлік нарығының мамандары. Мәселен, ақшаны қаржы ұйымдарына сақтап қойғаннан метро жанынан пәтер сатып алып, оны жалға берген әлдеқайда тиімді.

Ольга Петрова, жылжылмайтын мүлік нарығының маманы:

- Мысалы, гривнадағы ақшаны депозитке салсақ, банк 3 айға - 9,5 процент, ал жылына 11 процент өсімді ұсынады. Доллар өсімі 0,01 процент ғана. Егер қаланың сыртынан үй сатып алып, жалға берсе 10 айда 28 процент өсім. Киевтегі пәтер қожайынға жылына 30,32 тіпті 35 процент пайда әкеледі. Сондықтан пәтер бағасы шарықтап тұр.

2022 жылы Ел үкіметі Шығыста соғысып жүрген азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін қазынадан 5,5 млдр гривна, яғни 204 млн доллар бөлді. Сондықтан жылжымайтын мүлік нарығының мамандары пәтер бағасы жаңа жылда да кем дегенде 20 процентке көтеріледі деп болжап отыр.

Аида Қыдырбай, Петр Борейко