Украина: аумақтық даудың аяқталар күні бар ма?

Украина президенті ел шығысындағы соғысты тоқтату үшін Минск келісімін орындауға дайын екенін кезекті рет мәлімдеді.

Мұны жүзеге асыру үшін он қадамды ұсынатынын жеткізді. Оның ішінде Украина-Ресей тұтқындарымен алмасуы, оқ атуды тоқтату және өткізу пункттерін ашу сияқты ұсыныстар бар.

Еске салсақ, Украина шығысында соғыс 2014 жылдан бері жалғасып келеді. Ел құрамындағы Донецк және Луганск облыстарының бір бөлігі ресми Киевке бағынудан бас тартқан. Сондықтан Донбасс өңіріндегі 4 млн жуық адамның болашағы бұлыңғыр. Кемінде бір жарым миллион бейбіт тұрғын үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болды. Аумақтық даудың аяқталар күні бар ма?

Сарапшылардың айтуынша, бұл соғыс Украинаның өз ішіндегі белгілі бір саяси топ үшін өте пайдалы болып тұр. 

Виктор Щербина, «София» стратегиялық топ» қоғамдық ұйымы басшысының орынбасары:

- Украинада осы соғыстан үлкен қаржылай көлемде пайда көріп отырған адамдар бар. Біз мұндайда «соғыс партиясының өкілдері» деген терминді қолданамыз. Бұл топтар белгілі бір саяси тәртіп пен идеологиялық ұғымды қалыптастыру үшін қызмет жасайды. Өкінішке орай, бұл топтар ел ішіндегі бүлікті қоздырып, мемлекеттің сыртқы саясаттағы сүйкімін кетіріп отыр.

Владимир Зеленский Минск келісімі аясында Украина тарапы ұсынған он қадам жайлы құжат Америка, Ресей, Франция мен Германия басшылырына жіберілгенін хабарлады.

Ал Президент офисының басшысы Андрей Ермак: «Еуропадағы қауіпсіздік Украинадағы тыныш өмірге тікелей қатысты. Сондықтан Ресей мен Украина арасындағы жылы қабақтағы келіссөздің жалғасуы ең алдымен алпауыт елдердің өздеріне тиімді», -  деп мәлімдеді.