Ливияның батысындағы жағалаудан 27 мигрант өлі табылды

Ливияның батысындағы жағалаудан 27 мигрант өлі күйінде табылды.

Мәйіттер Жерорта теңізінде қалқып жүрген. Марқұмдардың арасында бір сәби мен 2 әйелдің бары анықталды. «Қызыл Ай» ұйымының хабарлауынша, бұлар мінген кеме апатқа ұшыраған болуы мүмкін. Құтқарушылар судан 3 босқынды аман алып шыққан. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, жыл басынан бері Жерорта теңізінде мың жарымға жуық мигрант ажал құшқан.

Осама Жұма Әл-Сакет, Хомс ауруханасының бас директоры:

– Мәйіттерді ертең сараптамаға тапсырамыз. Әрі қарай оларды жер қойнына тапсыру ісін ұйымдастыруымыз қажет. Бізге ең қиыны - осы жерлеу рәсімін атқару. Бірінші кезекте, билік тарапынан рұқсат алып, жерлейтін орын табуымыз керек.