Бразилияда ондаған қаланы су басты

Бразилияның солтүстік-шығысында екі су бөгеті жарылды. Оған толассыз жаңбыр себеп болды, деп хабарлайды Хабар 24.

Бразилияның солтүстік-шығысында бір апта бойы жауған жаңбыр соңы ірі апатқа соқтырды. Баия штатында алапат тасқын жүрді. Соның салдарынан ондаған шаһар су астында қалды. Екі бөгет жарылды. Көпірлер мен жолдарды су басып, үйлер қирап қалған. Әзірге құрбан болғандар мен жарақат алғандар туралы ақпар жоқ.

Жергілікті тұрғындар:

– Көпір теңіз ортасында тұрғандай. Су толқынының биіктігі 2 метрге дейін жетті.

– Қаламыздың осындай жағдайға тап болғанын көру өте өкінішті. Мұндайды өмірімде еш көрген емеспін.

Баия штатының губернаторы Руи Костаның айтуынша, толассыз жауыннан 400 мың тұрғын зардап шегіпті. Табиғаттың тосын мінез танытуына байланысты аймақтағы 67 қала мен елдімекенде тұратын азаматтар шұғыл түрде эвакуацияланған.

Руи Коста, Баия штатының губернаторы:

– Азаматтар егде жастағылар мен балаларды құтқару үшін бастарын қатерге тіккені түсірілген көптеген бейнежазба көрдім. Тереңдігі мойнынан асатын суға түсіп жатыр.

Баиядағы толассыз жаңбыр қарашаның басынан бері жалғасып келеді. Соның салдарынан туған тасқын судан 18 адам опат болды.

Синоптикдердің айтуынша, желтоқсан айында өңірге әдеттегіден 6 есе көп жауын-шашын түскен.