Францияда омикрон жұқтырғандардың тәуліктік өсімі 100 мыңнан асты

Бірнеше елде омикрон басым штамға айналды. Енді жаңа жылға дейін Франция да осындай жағдайға тап болады деп болжанып отыр. Тәуліктік өсім күн санап өсуде,  деп хабарлайды Хабар 24.

Мемлекет бұған дейін коронавирустың төртінші толқынын бастан кешірді. Алайда ешбірінде осындай үлкен тәуліктік өсім тіркелмеген. Кейінгі 3 аптада коронавирустан көз жұмғандар саны екі есе артқан. Мамандар кісі өлімі індеттің бұған дейінгі толқындарымен салыстырғанда, әлдеқайда төмен екенін айтады. Омикронның тез тарап, эпидахуалдың нашарлауына байланысты бүгін Францияда санитарлық қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтеді. Оның қорытындысы бойынша қоғамдық орындарға тек екпе салдырған азаматтарға кіруге рұқсат беретін жүйе енгізілуі мүмкін.

Оливье Веран, Франция денсаулық сақтау министрі:

– Омикрон тез тарап барады. Жаңа мутацияны жұқтыру деректері күн ара екі еселеніп жатыр. Жаңа жылға дейін жағдай айтарлықтай нашарлап кететінін болжап отырмыз.

Жюльен Карвелли, дәрігер:

– Омикрон салдары басқа штамдар сияқты ауыр болатын болса, жағдайдың қалай болатынын елестету қиын. Қазірдің өзінде жансақтау бөлімінде бос орындар жоқтың қасы. 100 мың шамасындағы тәуліктік өсім деген бұл өте үлкен көрсеткіш. Тиісінше, ауруханаларға түсетін салмақ та артады.

ТҰРҒЫНДАР КӨШЕДЕ МАСКАМЕН ЖҮРУГЕ МІНДЕТТЕЛДІ

Италияда бірнеше күн бойы антирекордр тіркеліп жатыр. Аппенин түбегінде тәуліктік өсім 50 мыңнан асып кетті. Науқастардың шамамен 30 проценті омикрон жұқтырғандар. Эпидахуалдың нашарлауына байланысты елде қайтадан маска тағу тәртібі күшіне енді. Енді тұрғындар оны кинотеатр мен театрда, спорттық іс-шараларда, қоғамдық көлікте, тіпті көшеде тағып жүруге міндетті. Одан бөлек ковид-төлқұжаттың жарамдылық мерзімі 9 айдан 6 айға дейін қысқартылады.

– Күн сайын қаншама науқас тіркеліп жатыр. Оны бәріміз де біліп отырмыз. Сондықтан билікте шектеу шараларын күшейтуден басқа амал қалмаса керек.

– Вакцина салдырып, қауіпсіздік шараларын сақтамасақ, мына вирусты жеңе алмайтын сияқтымыз.

– Адам көп жиылатын жерде маска таққан дұрыс деп ойлаймын. Кімнің вирус жұқтырған-жұқтырмағанын қайдан білесіз? Алайда кісі аз жүретін көшеде оның керегі жоқ. Мереке кезінде шектеу шараларын күшейткен де дұрыс деп санаймын.