Молдовада COVID-сертификаттарды қолдан жасаған топ ұсталды

Молдовада жалған ковид-сертификаттарын жасаған қылмыстық топ қолға түсті. Бұл халықаралық топ құрамында 20 адам болған. Арасында Украина, Беларусь, Румыния және Молдова азаматтары бар. Жақсы ұйымдасқан, әрқайсысының өз міндеттері болған. Мәселен, әлдебіреуі құжат басуға қажетті бланктерді қамтамасыз етіп тұрса, тағы біреулері сертификаттарды шетелге шығарып жүрді.

Бұл қылмыстық топ мейрам күндері мол пайдаға кенелуге үміт артқан еді. Жаңа жылды шетелде қарсы алғысы келетін туристерге арнап, интернетте өз қызметін жарнамалаған. «Құжат рәсімдеумен бастарың қатпай, барлығын мерзімде дайындап береміз» депті. Тек сол жарнаманың бір тұсы күмән туғызған, яғни қызметі үшін ПТР-тестілеудің құнынан бірнеше есе асатын баға қойған.

Алёна Лобану, Кишинёв полициясы киберқылмыстармен күресу бөлімінің басшысы:

- Бір ай уақыт бойы қызметкерлеріміз осы хабарламаларды тексерді. Сертификатты рәсімдеу үшін екі жүзден бес жүз еуроға дейін сұраған. Бағасы дайындау мерзіміне байланысты болған. Тек бір Кишиневте күніне кем дегенде 20 тапсырыс түсетін. Жалпы тәулігіне бұл топқа бір мыңдай тапсырыс түсіп тұрған күндер болған.   

Қылмыстық топтың негізгі ошағы Кишиневте орналасқан. Алайда бас кеңсесі қайда екені белгісіз. Молдовадағы бөлім сертификаттарды жасау, жарнамалау мен оны өткізетін орындарды іздеумен айналысқан. Полиция сатуға дайын жүздеген құжатты тәркіледі. Арасында вакциналануға келісімдер, екпе алғаны жөнінде куәліктер, тіпті вакцина салдырған Молдова азаматтарының тізімі болған. Бұған қоса құжаттарда елдегі ең ірі медициналық мекемелердің бірінің таңбасы басылған.

Павел Итсрати, Кишинёв қылмыстық полициясының басшысы:

- 18 адамды ұстадық. Топтың басым бөлігі Кишиневтегі клубтардың бірінде сыбайласының туған күнін атап жатқан кезде қолды болды. Тап осы уақытта үйлеріне тінту жүргіздік. Бланктерді басып шығаратын заманауи арнайы техника тәркіленді. Тіпті оны тықпай үйлері мен гараждарында ашық ұстаған. 

Тінту кезінде ақпан айымен белгіленген жалған құжаттар табылды. Алайда бұл топ қанша уақыт әрекет еткенін қылмыскерлердің өздері де нақты білмейді. Әрқайсы осы көлеңкелі кәсіпке әртүрлі уақытта келген екен. Бірнеше ведомство осы топтың сыбайластарын іздеуге кірісіп кетті. Кеден қызметі жұмысын күшейтіп, шекарадан өтіп жатқан адамдардың сертификаттарын мұқият тексеріп жатыр. Ауруханаларда да тексеру басталды.

Полицияның жорамалдауынша, осы топ басшыларының бірі медицина қызметкері болуы әбден мүмкін. Өйткені жалған құжаттар өте сауатты толтырылған. Қылмыскерлерге 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы төніп тұр. 

Алиса Флореску, Ион Жосан