Чехия билігі тұрғындарды вакцина салуға міндеттегісі келмейді

Ал тұрғындар болса, covid-19 дертіне қарсы вакциналауды міндеттеуді сұрап отыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұған ел тұрғындарының жартысынан көбі дауыс берген. Осы ретте билік медицина мамандары, өрт сөндірушілер, полиция мен 60 жастан асқан азаматтарға екпе салуды міндеттемек. Елде ауқымды вакциналау шарасы келесі жылдың наурыз айында басталады. Чехиядағы ірі әлеуметтік бюролардың бірі жүргізген зерттеуге сәйкес ел тұрғындарының басым бөлігі коронавиурсқа қарсы вакцина алуға дайын. Алайда түрлі себеппен екпе алу халыққа қашан да қолжетімді бола бермейді екен. Қосымша вакциналау орталықтарын ашу арқылы бұл мәселе шешімін табар еді. Алайда жаңа үкімет асықпауға шақырып отыр. Тіпті министрлердің бір бөлігі 60 жастан асқандарға вакциналауды міндеттеуге қарсы шыққан. Ал екпе алуға міндетті мамандықтар жөнінде құзырлы ұйымдармен кеңесе отырып, шешім қабылдамақ.

Матеуш Рябушка Чехия парламенті депутатының көмекшісі:

– Бұрынғы үкімет жұмысының соңғы күндері вакциналануды міндеттейтін заң қабылдады. Бірақ жаңа билік бұл шараны тиімсіз деп санайды, өйткені азаматтар екпені өз еркімен салдыруға тиіс. Бұл халық денсаулығына бейқам қарау дегенді білдірмейді. Коронавирусқа қарсы күресті жалғастырамыз, бірақ ереже бұзғандарға қарсы жазаны күшейтуге бағытталған шараларды қолға аламыз.

Денсаулық сақтау министрлігі депутаттардың бұл ұстанымына қарсы. Дәрігерлер келер жылдың наурыз айына белгіленген міндетті вакциналау шарасын күшінде қалдырғысы келеді.

Министрдің айтуынша, халық санына шаққанда короанвирусты жұқтыру бойынша Чехия Еуропада алдыңғы орында. Індетке қарсы күресте шектеу шараларының жеткіліксіз екенін уақыт көрсетті. 

Ян Новачек, республикалық инфекционист-дәрігерлер бірлестігінің төрағасы:

– Чехияда 11 ауруға қарсы вакцина алу міндеттелген. Арасында қызылша, сіреспе, дифтерит бар және бұл шара өз тиімділігін көрсетті. Ковид-19 дерітмен де осылай күресу керек. Бүгінде 60 жастан асқан азаматтарымыздың 82% -і толық вакциналанып, бұл топта коронавирустан өлім көрсеткіші екі есе азайды. 

Осы дауда соңғы сөзді мемлекет басшысы айтуы тиіс. Депутаттардың қарсылығына қарамастан, наурыз айына белгіленген вакциналау шарасы әлі де күн тәртібінде тұр. Ал Милош Земан полицияға әлеуметтік желілерде екпе салу науқанына қарсы жүріп жатқан үгіт-насихатты мұқият бақылауға алуды тапсырды. 

Авторлары: Александр Грэс, Павол Демитра