Коронавирустың өршуіне қарамастан Англияда шектеулер күшейтілмейді

Англияда карантин талаптарына қатысты жыл соңына дейін ешқандай өзгеріс болмайды, деп хабарлайды Хабар 24.

Біріккен Корольдік құрамына кіретін елдерде карантиндік шектеулер күшейтілді. Шотландия, Уэльс және Солтүстік Ирландияда әлеуметтік қашықтықты сақтау талабы қайта енгізіліп, адамдардың топтасуына тосқауыл қойылды.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Шотландияда паб, мейрамхана, кинотеатр және жаттығу залдарына келушілер 1 метрлік қашықтықты сақтаулары керек. Үйде 3 отбасынан артық жиналуға рұқсат етілмейді. Уэльс пен Солтүстік Ирландияда көпшілік орындарда бір үстел басында 6 адамнан артық отыруға тыйым салынады. Ал түнгі клубтар тіпті жабылуы тиіс. Халықтың 84 проценті тұратын Англияда ондай шектеулер жоқ. Ұлыбритания Денсаулық сақтау саласындағы қауіпсіздік бойынша агенттіктің мәліметтеріне сәйкес омикрон штамын жұқтырғандарға қарағанда дельта штамымен ауырғандар ауруханаларға 50-70 процентке аз түседі. Сондықтан да болар Англияда жылдың соңына дейін жаңа коронавирустық шектеулер күшейтілмейтін болды.

Саджид Джавид, Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі:

– Жаңа штамм соңына дейін зерттеліп болмағандықтан вакциналау ғана тығырықтан алып шығар жол екендігін білеміз. Өкінішке қарай, ауруханаларға түсіп жатқандардың басым көпшілігі екпе алмағандар. Олардың арасында интенсивті терапияны қажет ететіндер көп. Бір білетініміз екі вакцина жеткіліксіз, сондықтан халықты үшінші рет екпе алуға шақырамын. 

Британия үкіметіндегі сарапшылар омикрон штамының кең таралуына байланысты денсаулық сақтау жүйесіне ауыр салмақ түсіп, дәрігерлер жетіспей қала ма деп қорқады. Үкімет басшысы Борис Джонсон өз кезегінде халықты аса сақ болуға шақырды және 2022 жылы ковидке қарсы жаңа шектеулер енгізілуі мүмкін екендігін жасырмады. Соңғы жеті күн ішінде Ұлыбританияда 800 мыңға жуық коронавирус жағдайы тіркелген. Бұл бұған дейінгі жеті күнмен салыстырғанда 30 процентке көп. Індеттің ілмегіне ілінгендердің 90 проценті жаңа штамм жұқтырғандар, дейді мамандар.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы