АҚШ-та ковид індетін жұқтырғандардың жаңа антирекорды тіркелді

Бір тәуліктің ішінде 500 мың америкалық вирус жұқтырған, деп хабарлайды Хабар 24.

Ал орташа жеті күндік есеп бойынша ауырғандардың саны 254 мыңнан асып отыр. Мамандар мұндай жағдай пандемия басталғалы болмағанын айтады. Індеттің өршуі, әсіресе, елдің үлкен мегаполистерінде тіркелуде. Мәселен, Нью-Йорк қаласында соңғы аптада тест тапсырғандардың 20 процентінде ковид анықталған. Сонымен қатар балалардың арасында ковидті жұқтырып жатқандар көбейіп келеді. Ал Мичиган, Вермонт, Мейн және Нью-Хэмпшир штатындағы ауруханаларда бос орын жоқтың қасы. Эпидахуалдың күрт өзгеруі мерекелік күндерде халықтың көптеп бас қосып, сақтық шараларына немқұрайлы қарауынан болып отыр – дейді мамандар.

Али Раджа, дәрігер:

– Табиғи апаттың өзі бірнеше күнге, көп болса, бірнеше аптаға созылады емес пе?! Ал ковидпен күресіп жатқанымызға 2 жыл болды. Біздің ауруханамызға ковидпен түсіп жатқандардың рекорды тіркелді. Кеше бір тәулікте 340 адам жатқызылды. Тіпті ковид тестін тапсыру үшін ауруханаға келіп жатыр, себебі басқа жерлерде орын жоқ.

Чарльз Шлейден, дәрігер:

– Омикрон вирустың бұрынғы түрлеріне қарағанда әлдеқайда тез таралады. Бұл індет тіпті кішкентай балаларға дейін жұғып жатыр. Тұмау маусымы қатар келгендіктен ковидті анықтау бұрынғыдан да қиынға соғып жатыр. Себебі тұмау мен ковидтің симптомдары ұқсас келеді.