435,20 494,00 5,55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Чехия билігі туристік салықты екі есе көбейтпекші

  • 69
  • UPD: 13:47, 29.12.2021
Чехия билігі туристік салықты екі есе көбейтпекші

Биыл Прагада жаңа жыл туристер үшін жағымсыз болайын деп тұр, деп хабарлайды Хабар 24.

Шетелдік саяхатшылар үшін салық екі есе артады. Туристер қонақ үй, хостелл немесе кез келген өзге мейманханаларда әр түнеген күн үшін 50 крон төлеуі тиіс. Туристерден алынатын салық бір саптаяқ сыра құнына тең. Прага әкімшілігі осыны меңзеп, шетелдіктер үшін салықты төлеу еш қиындық тудырмайды деп отыр. Алайда турагенттіктер мен қонақ үйлер Прагаға әдетте қонақтар 10 күннен аса мерзімге тоқтайтынын айтып наразылық танытуда. Кей мейманханалар салықты қонақ үйде тұру ақысына қосқан. Ал өзге кәсіпкерлер саяхатшылардың шығынын азайту үшін жеңілдіктер мен бонустар бағдарламасын енгізуді ұсынып отыр.

Мартин Белявски, қонақ үй кешенінің қожайыны:

– Біздің бастамамызды кей барлар мен мұражайлар және театрлар қолдап жатыр. Бірақ жеңілдік жасау үшін қала билігінің рұқсаты керек. Біздің тұрақты клиенттеріміз арасындағы сауалнамамыз салықты өсіруден туристер легі 10 процентке азаятынын көрсетіп отыр.

Прагада кәсіпкерлер туристік салықты жоюды баяғыдан сұрап келеді. Алым саяхатшылар үшін қосымша шығын болуымен қатар қонақ үйлердің алаяқтыққа баруына жол ашқан. Кей мейманханалар заң бойынша салықтан босатылған балалардан да алым алуға көшкен.

Григорий Радовски, Прага қаласы әкімшілігі туризм бөлімінің заңгері

– Салықтан жиналған қаржының бәрі қала қажеттілігіне, туристердің игілігіне жұмсалады. Бізде бұл ақыны қайда жұмсау бойынша арнайы бағдарлама да бар. Ақшаның 99 проценті жаңа демалыс нысандарын салуға, көрікті орындарды жаңғыртуға және өзге де мақсаттарға жұмсалады. Шағын бөлігі жарнамаға бөлінеді.

Корнавирус індетіне дейін туристерге салық Прага қазынасына жыл сайын 14 миллион доллар әкелетін. Ал тап қазір ақы құнын өсіру туристер легінің азаюына әкеледі дейді кәсіпкерлер. Бірақ қала билігі саяхатшылар қарасы төмендесе де шешімді өзгертпейтінін айтып отыр. 

Авторлары: Александр Грэс, Дмитрий Лукша, Павол Демитра

Хабар 24 телеарнасы