Қырғызстанда алдағы жылдан бастап жаңа салық кодексі күшіне енбек

Қырғызстан үкіметі ел экономикасын жоспарлы жолға салуды шешті, деп хабарлайды Хабар 24.

Ел басшылығының пікірінше, мемлекет жағынан қатаң бақылау бизнесті көлеңкеден шығарып, бюджет табысын еселеп арттыруға көмектеседі.

Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, соңғы жылдары көлеңкелі экономика көлемі елдің жалпы ішкі өнімінің 24 процентімен шамалас. Ал тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткіш бұдан бір жарым, екі есе жоғары. Тек ресми есеп бойынша осының кесірінен жыл сайын ел бюджетіне 30 миллиард сом түспей отыр. Бұл 400 миллион доллардан асады. Салықтан жалтаруға кәсіпкерлермен қатар шенеуніктер де құмар.

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының президенті:

– 2020 жылдың қазан айынан бастап сыбайлас жемқорлықты ашу нәтижесінде 8 миллирдтан астам сом қайтарылды. Бұл 100 миллион доллармен шамалас. Жоғары лауазымды шенеуніктер, құқық қорғау орындарының қызметкерлері, судьялар қамауға алынды. Барлығы жазаға тартылып, мемлекетке келтірген шығынды өтеп жатыр. Жемқорлықпен күрес мұнымен тоқтамайды. Өйткені бұл қоғамға төнген үлкен қауіп.

Экономиканы көлеңкеден шығару үшін бекітілген жоспарды бұлжытпай орындау міндет. Басты мақсат – ел бюджетін қампайту.

Министрлер кабинетінің болжамынша, 2022 жылы мемлекет қоржыны 400 млрд сомға жетсе, 2026 жылы оның көлемі 600 млрд сомға ұлғаяды. Негізгі табыс көзі кеден мен салық қызметтерінің алымдары болмақ. Қазір Қырғызстанға қаражат ауадай қажет, өйткені шет елдерге қарыздарын өтеу мерзімі келді.

Ақылбек Жапаров, Қырғыз Республикасының премьер-министрі:

– 2023 жылдан 2030 жылға дейін жалпы сомасы 3 миллиард 900 миллион доллар болатын қарызды төлеуге тиіспіз. Мұның жартысынан көбі, яғни 2 миллиард доллары Қытайдың экспорт-импорт банкіне берешегіміз.

Салық жинаудың тиімділігін арттыру үшін Қырғызстан біртіндеп патент жүйесінен бас тартпақ. Ал қазір миллиондаған айналымы бар кәсіпкерлер ұсақ саудагерлермен бірдей салық төлеп жүр. Келер жылдың қаңтарынан бастап елде жаңа салық кодексі күшіне енеді. Оған сәйкес жылдық айналымы 90 мың доллардан аспайтын кәсіпкерлер салықтан босатылады. Алайда олар барлық есептерін электронды түрде жүргізіп, келісімдерін салық қызметінің онлайн-базасына тіркеуі тиіс.

Автоы: Бақыт Чермашев