Ресей еңбек мигранттарынан бас тартуға ниеттеніп отыр

Ресей келесі жылдан бастап миграция тәртібін күшейтеді. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің тұрғындары Ресейге келгеннен кейін бір ай мерзімде есірткі құмарлығы және ВИЧ, туберкулез, мерез секілді жұқпалы ауруларға тексеру нәтижелерін тапсыруы тиіс. Билік еңбек мигранттарынан бас тартуға ниетті.

Алайда пандемияның салдарынан елде жұмыс күші жетіспейді. Құрылыс министрлігінің мәліметінше, тек Мәскеуде үш миллион жұмысшы қажет.

Мәскеудегі құрылыс компаниялары бірнеше жыл бойы жұмысшылар жетіспей жүргенін айтып келеді. Пандемия кесірінен кетіп қалған мигранттар оралуға асықпай отыр. Еңбек қолы тапшылығының салдарынан жұмысшылар бұрынғыдан екі есе асатын жалақы талап ететін болды. Ал енді Мәскеу билігі шетелдік жұмысшыларды қолданбауға мүмкіндік беретін жоспарды дайындауды ұйғарды. Бұған қоса құрылыс жылдамдығын екі есе арттыруды көздеп отыр. Шенеуніктер бұған еңбекті автоматтандыру мен жаңа технологиялық шешімдердің арқасында жетуге үмітті.

Аза Мигранян, экономист:

- 2020 жылы Ресейде технологиялық прогресс жағынан бетбұрыс болды. Негізінен мигранттар жұмыс істеген салаларда еңбекті автоматтандыру үдейе түсті. Тиісінше бұл жұмыс күшіне сұраныстың азаюына әкелді.

Экономисттердің пікірінше, бұл жоспарды жүзеге асыру үшін 5-10 жыл қажет. Ал қазір құрылыс министрлігі Мәскеуге үш миллион құрылысшы жетіспей жүргенін мәлімдеді. Егер пандемия басталғанда үкімет Ресейге еңбек мигранттарын тарту маңыздылығын айтса, біртіндеп бұл ұстанымы өзгерді. Құқық қорғау органдары ретсіз миграция кесірінен қылмыстың деңгейі өскенін алға тартады.

Екатерина Шульман, саясаттанушы:

- Мигранттарға қарсы пиғыл өсті. Қоғамдық пікірдің осылайша өзгеруі түсініксіз. 2020 жылы мигранттар өте аз болған. 2021 жылы біртіндеп келе бастады. Алайда осы екі жылда инфляция мен бағалар өсуі секілді экономикалық қиындықтарды сезген жұрттың мигранттарға қарсы ұстанымы күшейді. Жұмыс орындарымызды тартып жүр деп ойлайды. Бұл қоғамдық пікірдің шындықпен жанаспауының айқын үлгісі.

Осындай қарама-қайшы мәлімдемелерден түрлі мекемелер арасындағы тартысты байқауға болады. Билік басындағы экономистер арзан еңбек қолының тапшылығына алаңдаса, құқық қорғау орындары этникалық анклавтар құрылу қаупін алға тартып, миграцияны қатаң бақылау керек дейді.

Сергей Марков, саясаттанушы:

- Жұмыс қолы жетіспей жүрген кезде миграция ережелерін қатаңдату қате шешім. Оны түзейді деп ойлаймын. Бізде екі күшті қанат бар екенін түсінесіздер ғой. Бір жағынан погон таққан адамдар «Бәрін күшейту керек! Бізге қылмыскерлер мен лаңкестер келіп жатыр!» деп дабыл қағады. Өзге жағынан экономикалық блок бәрін кіргізіңдер дейді. Арасында үнемі күрес жүреді. Ондаған жыл бойы жалғасып келеді және әлі де ұзақ уақыт болады.

Дегенмен, Ресей миграциялық ережелерді күшейтуді шешті. Ішкі істер министрлігі елге 90 тәуліктен асатын мерзімге келетін шетелдіктерден қолтаңба алуды ұсынды. Тергеу комитеті геномдық тіркеуді, яғни ДНК үлгілерін алуды қолдаған. Қазіргі кезде одан тек аса ауыр қылмыс жасаған адамдар өтіп жүр. Жаңа ережелер бойынша шетелдіктер мерез, ВИЧ және алапес секілді қауіпті инфекцияларға тестілеу нәтижелерін өткізуі тиіс. Сараптамадан жыл сайын өту керек, ауру анықталса, елден шығаруы мүмкін.

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров

Сондай-ақ...