Бразилияда тасқыннан қаза тапқандар саны артты

Бразилияның солтүстігіндегі алапат тасқыннан құрбан болғандар саны 24 адамға жетіп, 434 тұрғын жарақат алды, деп хабарлайды Хабар 24.

Елдегі 141 әкімшілік аумақтың 132-сінде төтенше жағдай жарияланған. Табиғи апаттан жалпы 630 мың тұрғын зардап шеккен. 15 миллион адам тұратын Баия штатында баспанасыз қалғандар үшін 5 мың жаңа үй салынуы тиіс. Сондай-ақ бүлінген жолдарды жөндеуге қосымша 80 миллион доллар қаражат керек. Синоптиктер ылғалды ауа енді оңтүстік-шығысқа, оның ішінде Рио-де-Жанейро мен Сан-Паулу қалаларына қарай ауысады дейді.

Руи Кастро, Баия штатының губернаторы:

- Солтүстік-шығыс аймақтағы федералды жолдардың бәрі қирап қалды. Негізі бұған дейін жол жөндеуге 14 миллион доллар қарастырылған болатын. Енді ол қаражат мүлде жетпейді. Сондықтан қосымша қолдау қажет болады.