Чехиядағы зауыт пен фабрикаларда маман тапшы

Індеттің жаңа толқыны Чехия экономикасындағы мәселелерді айқындап берді, деп хабарлайды Хабар 24.

Зауыт пен фабрикаларға білікті мамандар жетіспей жүр. Жергілікті компания директорларының 70 процентінен астамы мұны өз жұмысындағы басты қиындық ретінде санайды. Мамандар тапшылығына мигранттардың өз елдеріне кетуі себеп болған. 

Чехияның ең ірі әлеуметтанушы компаниясы жүргізген сауалнамаға отандық және еуропалық нарықта беделі зор 125 компания қатысты. Олардың тек 18-і ғана болашағын уайымдамайтынын жеткізді. Қалғандары қиналып жатқанын мойындады.

Микаэль Баланович, құрылыс компанияның директоры:

- 2019 жылы зауытымда істеген 500 жұмысшының 384-і шетелдік болған. Украина, Молдова, Румыния азаматтары. Бүгінде небәрі 104 аджам жұмыс істеп жатыр. Өнім өндіру көлемі бес есе азайды. Жұрт бізге келгісі келеді, бірақ санитарлық шектеулерден қорқады.

Еңбек миграциясына қатысты туындаған дағдарыс Чехияда екі жыл жалғасып келеді. Пандемияның кесірінен жұмыссыздық көбейгенімен, жергілікті тұрғындар ауыр жұмысқа орналасқысы келмейді. Сондай-ақ қуат көздерінің қымбаттауы да жағдайды одан әрі ушықтырды. Кәсіпкерлердің біразы шикізат пен материалдардың қымбаттауына дайын болмай шыққан.

Юрий Колтович, Чехия Парламенті төменгі палатасының депутаты:

- Бағалар шілде айында өсе бастады. Сондықтан бұл кәсіпкерлер үшін тосын жаңалық деуге болмайды. Құрылыс материалдары расында да ондаған, тіпті жүздеген процентке қымбаттады. Ағаш, пластмас пен металл бағасы өскен. Күзде тіпті тапшылығы да байқалды. Алайда бұл тек Чехия емес, көптеген елде болған мәселе. Шекаралар жабылғандықтан, тауар жеткізуде кідіріс болған. Қазір өндіріс, нарық пен кәсіп жүргізу әдістері түпкілікті өзгеріп келеді. Үкімет қолынан келгенше қолдау көрсетіп жатыр. Бірақ бизнесмендердің өздері де қиындықтарға үнемі дайын болуы керек.

Маман тапшылығынан құрылыс саласы көп зардап шекті. Осының кесірінен баспана бағасы 20% қымбаттап, бір шаршы метрі үш жарым мың долларға жетті. Желтоқсан айында 2 құрылыс компаниясы күйресе, жылдың басынан бері 13 фирма жабылған.

Александр Грэс, Павол Демитра