Жаһан жұрты биыл қандай қиыншылықты бастан кешті

Биыл коронавирус пандемиясы жаһан экономикасының дамуына айтарлықтай әсер етті, деп хабарлайды Хабар 24.

Халықты дертке қарсы вакциналау науқанының арқасында әлем экономикасы біршама оңалып, бірқатар жетістікке жетті. Бірақ көп көрсеткіш бойынша пандемияға дейінге деңгейден әлі төмен қалып отыр. 2021 жыл Еуропа мен Африка құрлығы үшін үлкен өзгеріспен басталды. Еуроодақ Ұлыбританиямен өтпелі кезеңді аяқтап, корольдік ортақ аймақтан түпкілікті бөлінді. Бірақ қос тарап арасында енгізілген кедендік бақылау тауар тасымалына тұсау болып, тапшылық туындады. Екіжақты сауда тек көктемге қарай жөнделді. Ал қара құрлық жаңа жылды еркін сауда аймағын құрумен бастады. 1 қаңтарда Африкада 1 миллиард 300 миллион адамды біріктірген әлемдегі ең ірі сауда аймағы пайда болды. Енді дүниежүзілік банк сарапшылары қара құрлықтың кірісі 2035 жылға қарай 450 миллиард долларға жетеді деп болжап отыр.

Вамкеле Мене, Африка құрлықтық еркін сауда аймағының бас хатшысы:

– Қазір Африка еркін сауда аймағына құрлықтағы барлық дерлік мемлекет мүше. Бұл Африкадағы мемлекттер өзара сауданың қаншалықты маңызды әрі мол мүмкіндік беретінін түсініп, осы бағытқа бет бұрғанын білдіреді.

Жаз шыға Дүниежүзілік сауда ұйымы тарихында 2004 жылдан бері жалғасып келе жатқан АҚШ пен Еуроодақ арасындағы дау-дамай шешімін тапты. Боинг пен Эйрбас әуе компанияларын субсидиялауға қатысты туған жанжал тараптардың бір-біріне салған салықтардан бас тартуымен аяқталды. Дегенмен жаһандық экономиканы тежеп, кері тартқан жағдайлар да болды. Мысалы, наурызда Египеттегі Суэц каналында «Евер Гивен» ірі жүк кемесіндегі дағдарысты алайық. Алып кеме қайраңда кібіртіктеп, кесірінен 400-ден астам өзге кеме апта бойы сол арнамен жүре алмады. Сөйтіп, әлемдік нарық қыруар табыстан қағылып, қалың саудагер шығынға батты. Мысыр 100 миллион доллардан айырылды. Жалпы карантиндік шектеулер әлемдік логистиканы шайқалтып, тауар тасу құны шарықтап кетті.

Фрейзер Таунли, T2M компаниясының бас директоры:

– Былтыр менен 12 метрлік контейнер үшін 3 жарым мың доллар сұрағанда, төбе шашым тік тұрып, тіксіне қабылдаған едім. Ал биыл 20 мың доллар сұраса, қай жерге қол қояйын, ақшаны кімге төлейін деп бәйек болам да қаламын. Миға қонымсыз дүние, бірақ шындық.

Тасымалды қалпына келтіру үшін көп ел салаға қыруар қаржы құйды. Алайда оның соңы инфляцияның шарықтауына ұласты. Мысалы, Еуропада инфляция 4,9 процентке, ал АҚШ-та 6,8 процентке көтерілді.

Рана Форохар, экономист:

– Дүкен сөрелеріндегі азық-түліктің бағасы 1-2 долларға өзгерсе де, бұл америкалықтарға айтарлықтай сезіледі. Қазір жалға берілетін жылжымайтын мүліктің, бензиннің бағасы өсіп жатыр. Бұл АҚШ тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай.

Әлем экономикасын есеңгіреткен тағы бір жағдай Еуропадағы газ бағасының қымбаттауы. Жыл басында көгілдір отынның 1 мың текше метрі 230 доллар болса, желтоқсан айының ортасында 2200 долларға жетті. Сөйтіп, кәрі құрлықта энергетикалық дағдарыс орнады.

Бруно ле Мер, Франция қаржы министрі:

– Қымбатшылық бірнеше жылға созылады. Себебі электр энергиясына сұраныс өте жоғары. Ал энергия мен газ бағасы бір-бірімен тығыз байланысты. Бізде көмірқышқыл газын аз бөлетін атом электр станциялары бар. Климат өзгерісімен күресте табысты болғымыз келсе, жаңартылатын энергия көздері мен атом электр станцияларына көптеп инвестиция салуымыз керек.

Ал қара алтын құны 2020 жылғы құлдыраудан кейін қалпына келе бастады. Оған вакциналау қарқынының үдеуі себеп. Осыдан кейін жолаушы тасымалы жанданып, мұнайға сұраныс артты. ОПЕК елдерінің қара алтынды өндіруі төңірегіндегі саясаты да ықпалын тигізді. Мысалы қаңтарда Брент маркалы мұнайдың бір баррелі - 50-55 доллар болса, қазан айында 86 долларға жетті. Сарапшылар биыл әлем экономикасы еңсесін тіктей бастады деп мәлімдеді. Көп ел коронавирус тудырған пандемиядан есін жиып, етек-жеңін қайта қымтауға көшті. Вакциналауды күшейтіп, карантиндік шектеу шараларын жеңілдетті. Экономиканы еселеудің тың тәсілдерін енгізді. Кәсіпорындардың түтіні түзеліп, тұтынушылық сұраныс артты. Нәтижесінде биыл әлем экономикасы 5,9 процентке өсті. Дегенмен Африкадан шыққан омикрон экономиканы тағы да тұсайды деген қауіп бар.

Авторы: Дәурен Ақашұлы