Иранда ауаның ластануынан мектептер жабылды

Ауаның ластануы Иранда мектептердің жабылуына себеп болды, деп хабарлайды Хабар 24.

Бірнеше қалада атмосферадағы зиянды заттар қалыпты межеден асып кеткен. Сол себепті мектептермен қатар балабақшалар да жұмысын уақытша тоқтатқан. Экологиялық ахуалдың нашарлауына жылу электр стансаларында табиғи газдың орнына мазут қолданылуы себеп. Иран табиғи газдың қоры бойынша әлемде екінші орында тұр. Алайда инвестицияның аздығы мен технологиялардың жетіспеуі салдарынан оның өндірілу көлемі қысқарып барады. 

КӨЛІКТЕН БӨЛІНЕТІН ГАЗ АУАНЫ ЛАСТАЙДЫ

Халықаралық ғалымдар тобы көлік газын азайту адамның денсаулығы мен экономикаға қандай пайда әкелетінін есептеп көрмек болған. Нәтижелер таңғалдырады. 9 жыл ішінде мұндай шара АҚШ-та 28 мың адамның өмірін құтқарып қалуға мүмкіндік берген. Сонымен қоса 500 миллиард доллар қаржыны да үнемдеген. Көлік газынан атмосфераға бөлінетін зиянды заттардың құрамындағы микробөлшектер жыл сайын 150 мың адамның өліміне себепші болады. Сондай-ақ өмір сүру ұзақтығын 8 жарым айға қысқартады. Өкпенің қатерлі ісігіне байланысты кісі өлімі деректерінің 5 проценті осы бөлшектермен байланысты.

ҚАҢТАРДАН БАСТАП ПЛАСТИК ҚАПҚА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

Қоршаған ортаның ластануын азайту үшін Францияда 1 қаңтардан бастап жаңа заң күшіне енеді. Оған сәйкес өндірушілер жеміс-жидек пен көкөністі пластик қапқа сала алмайды. Оны қағаздан жасалған қораппен алмастыру керек.

Арман Чейн, қағаз қораптар шығаратын кәсіпорын директоры:

Біздің қораптарымыздың 97 проценті қолданудан кейін қайта өңделеді. 3 проценті ондай өңдеуге жатпайды. Сол жағын реттеу керек. Мәселен, электрондық тауарлардың қаптамасын ашатын жері әлі күнге дейін пластиктен жасалады. Біз болашақта оны қағазбен алмастыруды көздеп отырмыз."

ҚАҢТАРДАН БАСТАП ЖҰҚА ПЛАСТИК ПАКЕТ ҚОЛДАНУҒА БОЛМАЙДЫ

1 қаңтардан бастап Германияда да ұқсас ереже күшіне енеді. Енді мұнда жұқа пластик пакеттерді қолдануға болмайды. Дүкендер оны сатып алушыларға ұсынатын болса, бұл үшін айппұл қарастырылған. Жұқа пластик пакеттерді тек жеміс-жидек пен көкөніс салу үшін ғана қолдануға болады. Хорватияда да 1 қаңтардан бастап тура осындай қаптамаларды пайдалануға тыйым салынады.