Израильде құс тұмауы өршіп тұр

Бұл ауру адамдарға да жұғуы мүмкін, деп хабарлайды Хабар 24.

Елдің солтүстігінде орналасқан табиғи қорықта тырналар жаппай қырылып жатыр. Фермерлер жүздеген мың тауығын жоюға мәжбүр.Мұнда тырналар жанталаса тыпырлап, хайуанаттар бағы қызметкерлерінің көз алдында өліп жатыр. Бұл – құс тұмауының айқын белгісі. Тырналар мекендейтін Хула қорығында 5 мыңнан аса құс өлігі табылған. 

Тамар Зандберг, Израиль экология министрі:

– Бұл Израиль тарихындағы табиғатқа жасалған ең ауыр соққы болды. Мыңдаған тырна қырылды. Аурудың құс пен жануардың өзге түрлері мен су көздеріне қаншалықты тарағанын әлі білмейміз. Бұл қауіпті дерт адамға да жұғуы мүмкін.

Хула қорығындағы көл мен оның айналасы жыл құстары қоныс аударғанда жолда демалатын орын. Израиль билігі оларды қоректендіруге жылына бір миллион еуродан аса қаржы бөліп отырады. Бұл туристік аймаққа мыңдаған ел тұрғыны келеді. Соңғы кезде тырналар осында қыстайтын болған. Мұның бір себебі – Сириядағы соғыс. Ол жақта қауіпті болғандықтан құстар түйсігімен қыстап қалатын мекен ретінде Израильді таңдаған.

Омри Боне, Енф, Солтүстік аймақ басшысы:

– Осыдан 10 жыл бұрын жалпы саны 10 мыңдай еді, қазір елу мыңға дейін өсті. Өңіріміздің климаты оларға өте қолайлы әрі азық көп. Әдетте қыстайтын Африкада қазір қуаңшылық.

Тырналарға тұмауға қарсы екпе жасау мүмкін емес, жанына адам жолатпайды. Ал кеселдің жаппай тарап кету қаупі басым. Қазірдің өзінде Израиль ауыл шаруашылығына зор нұқсан келтірген. Ауру ірі фермаларға тарап, жарты миллион тауықтың көзі жойылды. Салдарынан елде жұмыртқа тапшылығы пайда болды. Ең сорақысы қырылып жатқан тырналарға көмектесуге адамдар дәрменсіз күйде.

Авторы: Сергей Ауслендер

Сондай-ақ...