434,34 496,10 5,64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

2021 жылдың саяси қорытындылары

  • 93
  • UPD: 10:17, 31.12.2021
2021 жылдың саяси қорытындылары

Ауғанстанда биліктің ауысуы, Джо Байденнің президенттігі, Еуропа мен АҚШ-тағы көші-қон дағдарысы мен жаппай вакциналау. Биылғы жылдың басты оқиғалары осы. 

15 тамызда билік басына тәліптердің келуін биылғы жылдың басты оқиғасының бірі деуге болады. Қазақстанда қызметіне тыйым салынған қозғалыс өкілдері шайқассыз Кабулға басып кіріп, 25 жыл бұрынғы жағдай қайталанды. Талибан мүшелері өз заңдарын орната бастады. АҚШ-пен бірге қызмет еткен мыңдаған әскери мен мемлекеттік қызметкер елден кетіп қалды. Сөйтіп, біртіндеп жағдай тұрақтала бастады. Тәліптер шетелдік делегацияларды қабылдауға көшкен. Алайда әлем мемлекеттерінің көбі қозғалысты ресми билік ретінде мойындамай отыр. Елде ұлттық валюта құнсызданып, гуманитарлық дағдарыс жалғасып жатыр.      

Беларусь пен Еуроодақ шекарасындағы шиеленіс

Көші-қон дағдарысы 2021 жылдың басты проблемаларының біріне айналды. Таяу Шығыс мен Африка елдерінен шыққан босқындар жақсы өмір іздеп, солтүстікке қарай бет алды.  

Беларусь Еуропа шекарасына өтудің жаңа бекетіне айналды. Биыл бұл елден Польшаға 40 мыңға жуық мигрант заңсыз өтпек болған. Мынау биыл жыл соңында түсірілген кадрлар. Қыс. Қақаған аяз. Мұндай суыққа үйренбеген мигранттар жылынудың амалын таппай әлекке түсіп жатыр. Еуроодақ пен Беларусь басшылары жағдайдың ушығуына бірін бірі айыптаудан жалығар емес. 

Александр Лукашенко, Беларусь президенті:

- Дұшпандар. Істегенінің бәрі өздеріне қайтып келсін. Қарапайым халықты айтып отырғаным жоқ. Әңгіме Моравецкий, Дуда секілді шенеуніктер жайлы. Олар бұл проблеманы шешу үшін бір тиынын да шығарған жоқ. Алайда бұл үшін әлі сыбағасын алады. 

Көші-қон дағдарысы аясында Еуроодақ Беларуське қарсы санкциялардың бесінші пакетін дайындады. Тізімге 17 жеке және 11 заңды тұлға кірді. Олардың қатарында «Белавиа» әуе компаниясы да бар.

АҚШ пен Мексика шекарасындағы жағдай да қиын болды. Биыл 2 миллионға жуық босқын АҚШ-қа заңсыз өткен. Айына 200 мың адамға дейін қолға түскен кездер болды. Орталық және Оңтүстік Америка азаматтарының бұлай бас сауғалауына АҚШ-тың босқындарға қатысты саясатының өзгеруі себеп болды. Джо Байден билікке келгелі көші-қон ережелерін жеңілдетіп, керісінше вакциналау қарқынын күшейтті. Бүгінде американдықтардың 60 проценттен астамы екпенің екі дозасын да алған. 

Ал мынау пандемия кезінде өткен әлем көшбасшыларының кездесуі. Джи 20 саммитінде талқыланған басты тақырыптардың бірі коронавирус, әлемдік экономика және климаттың өзгеруі болды. Басқосу барысында саясаткерлер халықаралық келісімге қол қойды. Оған сәйкес, ірі бизнеске салынатын табыс салығы 15 проценттен кем болмауы тиіс. Джи 20 өкілдері келер жылдың қыркүйегіне дейін бүкіл әлемде вакциналау деңгейін 70 процентке жеткізуге келісті. 

Қайта вакциналау қарқын алды

Вакцина биылғы жылдың басты тақырыбына айналғаны сөзсіз. Коронавирусқа қарсы екпе салу науқаны өткен жылдың соңында басталған еді. Алайда тек биыл ғана қарқын ала бастады. Бірінші қаңтардағы көрсеткіштер бойынша вакцина салдырғандардың үлесі бір процентке де жетпейтін. Ал қазір әлем халқының жартысы препарат қабылдаған. Бүгінде қайта вакциналау науқаны қарқынды жүріп жатыр.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ Бас директоры:

- Егер біз індетке қарсы күш жұмылдырмасақ, бұл вирус мутацияға ұшырап, денсаулық сақтау жүйесіне қауіп төндіре береді. Қазір дельта және омикрон штамдары қос қатерге айналды. Екі мутация кесірінен вирус жұқтыру рекордтық көрсеткіштерге жетіп отыр. 

Екпе егуде алдына жан салмады

Желтоқсанның соңында күтпеген жерден Оңтүстік Америка халықты иммундау көрсеткіштері бойынша алға шықты. Құрлықтағы ересек тұрғындардың 60 проценттен астамы екпе салдырған. Қазір вакцинаның теңдей бөлінбеуі басты проблемалардың біріне айналды. Осы мәселе салдарынан Африкада иммундау жағы ақсаңдап тұр. Енді бұл проблеманы 2022 жылы шешу көзделіп отыр.

Жұлдыз Атагельдива, Вероника Боярова

Хабар 24 телеарнасы