2021 жылдың айтулы рекордтары

2021 жыл елеулі оқиғалар мен таңдай қағарлық көрсеткіштерге толы болды. Мәселен, ғаламтордағы алпауыт Google-ді қытайлық қосымша басып озды. Жас коллекционерлердің арқасында ең ірі аукцион үйлері де бұрын-соңды болмаған табысқа кенелді. Ағымдағы жылы тіркелген рекордтардың бірсыпырасын тілшіміз топтастырған екен. Соған зер салсақ. 

«Гугл» көштен қалды. Биыл әлемде ең көп қолданылған сайттар тізімінде алғаш рет қытайлық ТикТок желісі топ жарды. Аталған жүйе тамыздың ортасынан бері ешкімге көш тізгінін бермей келеді. Бұған әлемді жайлаған коронавирус індеті әсер етсе керек. Үйде қамалған қолданушылар қосымшадағы қысқа роликтерді көріп, желіге жіпсіз байланып қалды. Бүгінде ТикТокты жүктегендер саны 1 миллиардтан асады.

Өтіп бара жатқан жылда аукцион үйлері де рекорд орнатты. Әлемдегі ең ірі үштік «Сотбис», «Кристис» және «Филлипстің» жылдық табысы 15 миллиард долларды құрады. Тек Сотбистің өзі жалпы құны 7,5 миллиард долларға жуық өнер туындыларын сатқан. Бұл сауда үйінің іргесі қаланған кезден бері болмаған рекорд. Ал «Кристис» кейінгі 5 жылда алғаш рет 7 миллиард доллардан астам қаржы тапқан. Сарапшылардың айтуынша, мұндай көрсеткіш жас коллекционердің арқасы екен.

Оливия Гош, аукционист:

- Індет уақытында онлайн-аукциондар қарыштап дамып жатыр. Аталған индустрия пандемияны еңсеріп қана қоймай, оң өзгерістерге қол жеткізді.

2021 жыл ел есінде ауа температурасының ректордық деңгейге жетуімен де есте қалады. АҚШ-тың Мұхит және атмосфераны зерттеу жөніндегі ұлттық басқармасы келтірген дерекке сәйкес, биылғы шілде Жер бетіндегі ең ыстық ай болған. Құрлық пен мұхиттағы орташа ауа температурасы  өткен ғасырдағы көрсеткіштен шамамен 1 градустан асыпты. 

Бір жылға кешігіп өткен Токио олимпиадасын да рекордшылар қатарына қосуға болады. Дүбірлі додаға қатысқан бұрымдылар саны бойынша рекорд тіркелді. Спортшылардың жартысына жуығы әйелдер болды. Шектеу шараларына байланысты көбі жазғы ойындарды көзбен көре алмағандықтан, жарыс трансляциясы да жоғары рейтинг жинады. Бұдан бөлек, төртжылдықтың басты бәсекесін ұйымдастыруға 15 миллиард доллардан астам қаржы жұмсалып, жазғы олимпиада ойындарының тарихындағы ең қымбаты болып есте қалды.  

Ал ресейлік кинематографистер ғарышта фильм түсіріп, дүйім жұртты таңдай қақтырды. Өйткені мұндай түсірілім адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған. Бесінші қазан күні бір топ маман Байқоңырдағы кемемен көкке көтеріліп, халықаралық ғарыш станциясында екі апта өткізді. Фильмнің түсірілім жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Тұсаукесері келер жылдың аяғында болады.

Юлия Пересильд, актриса:

- Түрлі қиындықтарға, қаншама ауырлықтарды басымыздан өткергенімізге қарамастан оның іске асатыны туралы ойлаудың өзі керемет.

Ағымдағы жыл коронавирусқа қарсы вакциналардың санымен де тарихта қалары сөзсіз. Әлем ғалымдары қауіпті инфекцияны емдеуге арналған жүзден астам препарат жасап шықты. Оның ішінде қазақстандық мамандар да бар. QazVac деп аталатын инактивті вакцинаны отандық ғылымның жетістігі деуге болады. Қазір аталған дәрі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының аккредитациясынан өтіп жатыр. Ғалымдардың айтуынша, бұл ел тарихындағы айтулы оқиға әрі тұңғыш тәжірибе.

Сондай-ақ...