Бішкекте жаңажылдық концерт өтетін болды

Қала тұрғындары мен қонақтарды әртістер құттықтайды, алайда дәстүрлі отшашу болмайды, деп хабарлайды Хабар 24.

Билік бұл қадамға қаражат үнемдеу үшін емес, санитарлық шектеулерге қатысты барып отыр. 

Қала әкімшілігі Алатоо алаңында жаңажылдық концерт өтетіні жөнінде шешімді мейрамға бір күн қалғанда қабылдады. Әдетте халық мұны алдын ала біліп отыратын. Алайда пандемияның кесірінен жоспарды өзгертуге тура келді. Биыл Бішкекте қар да жоқ. 

Светлана Пахомова, Бішкек қаласының тұрғыны:

– Ең алдымен қар жетіспей отыр. Осындай жылы ақ ұлпа қар жауса екен. Жаңажылдық музыка қатты ойнаса, халықтың да көңілі көтеріліп, билей бастар еді. 

Алатоо алаңында орнатылған шырша алдында балаларын ертіп келген біраз қала тұрғыны жиналды. Бұрынғы жылдары Жаңа жыл алдында мұнда көлік қозғалысын екі-үш күнге тоқтататын, ал биыл келген халық саны үш жүзден аспайды. Пандемия кесірінен жұрт ермектен гөрі қауіпсіздікке көбірек көңіл бөліп жүр. Алайда індеттің кесірінен Аяз Атаның үйге келмейтінін балаларға түсіндіру қиын. Сондықтан ата-аналары бүлдіршіндерін қарияға өздері ертіп әкеледі.

Азамат Эсенов, Аяз Ата:

– Жаңа жыл денсаулық, бақыт, мол табыс пен қуаныш әкелсін. Ең бастысы бұл өмірді тек жақсылық тілеп өткізуіміз керек. Әр үйге бейбітшілік пен берек, бір-біріне сыйлы болуды тілеймін. 

Министрлер кабинеті биыл Жаңа жылғы мейрамда 10 күн демалыс берді. Бірақ жыл барысында оның орнына кейбір демалыс күндері жұмысқа шығу керек. Бірақ жұрт бұған да риза. Өйткені ұзақ сапарға шығуға мүмкіндік бар.

Бақыт Чермашев