Тілсіз жау, су тасқыны, қалың қар: бірқатар елді табиғи апат әбігерге салды

АҚШ-тың Колорадо штатында төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Хабар 24.

Өйткені орман өрті дес берер емес. Аргентинада да желтоқсанның алғашқы күндері басталған тілсіз жау әлі басылмай жатыр. Ал Бразилияның Баия штатының тұрғындары өңір тарихындағы ең алапат су тасқынының зардабын тартып отыр.

Мынау Колорадо штатының тұрғындары. Ештеңеге алаңдамай, бала-шағасымен сауда орталығының ішінде демалып жүрген жұрт оттың таяп қалғанын көріп, қауіпсіз жерге қашып үлгеруге тырысып жатыр. АҚШ-тың Колорадо штатында ең алапат орман өрті 2013 жылы болған. Ол кезде от 500 үйді жермен жексен еткен. Бұл жолғы тілсіз жау салдары одан асып кеткен сияқты. Қазір штатта дес бермей тұрған орман өрті 600-ге жуық құрылысты қиратқан. Аймақты құрғақшылық жайлаған. 30 мыңнан аса адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ал өңірде төтенше жағдай жарияланды.

Джаред Полис, Колорадо штатының губернаторы:

– Бүгін төтенше жағдай тәртібін жарияладық. Бұл отпен күреске федералдық көмек алу үшін қажет шара. Желдің екпіні күшті болып тұр. Сондықтан өрт тез тарап барады. Біз жылдам әрекет етуіміз керек. Отпен арпалысып жатқан өрт сөндірушілерге, полицейлер мен эвакуациялау орталықтарының мамандарына алғысымыз шексіз. Мүлкінен айырылған тұрғындарға айтарым, қорықпаңыздар, сіздерге қажетті көмек көрсетіледі. Із-түзсіз жоғалып кеткендер жайлы ақпарат жоқ. Алайда жапа шеккен мамандар бар.

АҚШ-тың Вашингтон штатындағы Сиэтл қаласында қар мен күннің күрт суытуы қолайсыздық тудырды. Ауа райына байланысты тестілеу орталықтары уақытша жабылып қалған. Өйткені жолдағы қозғалыс қиындады.  

Ларри Смит, Сиэтл тұрғыны:

– Мен коронавирусқа тест тапсыра алмай күні бойы сенделіп жүрмін. Талай жерге бардым. Жабық тұр. Ашықтарына алдын ала жазылу керек дейді. Ал мен тестсіз жұмысқа кіре алмаймын.

Жапонияда қалың қар кесірінен бүгін ондаған әуе сапары кейінге шегерілді. Кейбір жерде қардың қалыңдығы 80 метрге дейін жетеді. Бірер күн бұрын 100-ге жуық рейс ұшпай қалған еді. Әуе сапарларымен қоса темір жол қатынасы да қиындаған. Мыңдаған тұрғын жарықсыз қалған болатын. 

Ал Бразилия халқын тасқын су әлекке салды. Бұған дейін Баия штатын бұрын-соңды болмаған алапат қуаңшылық жайлаған еді. Осы аптада құрғақшылық толассыз нөсерге ұласты. Сөйтіп өңірдің біраз бөлігін су басты. Салдарынан 20-дан аса адам көз жұмып, 500-ге жуығы жараланды. 37 мың тұрғын баспанасыз қалды. Мамандар бұл штат тарихындағы ең алапат су тасқыны екенін айтады.   

Марио Алехандре, Ильеус қаласының мэрі:

– Ильеус қаласының тарихында мұндай алапат су тасқыны алғаш рет тіркеліп отыр. Бұл нағыз апат!

Латын Америкасындағы Аргентинаның Патагония аймағында желтоқсанның алғашқы күндері басталған өрт әлі лаулап жатыр. Қызыл жалын 3 мың гектардан аса орманды алқапты күлге айналдырған. Тілсіз жаумен жүздеген өрт сөндіруші күресіп, ондаған ұшақ көмекке келді.

Жұлдыз Атагельдиева