Прагада жаңа жыл отшашусыз өтті

Чехия астанасы Прагада жаңа жыл отшашусыз өтті. Полиция түні бойы мерекелік жарылғыш заттардың атылмауын қадағалап шықты.

Жақында Праганың тарихи орталығы мен бірнеше орнында тарсылдақтарды қолданбау туралы заң күшіне енген болатын. Өйткені қатты дыбыс шығаратын заттар үй және жабайы жануарларды қорқытып, тіпті аққулар мен басқа құстардың өлуіне әкелген еді. Әдетте жарылғыштарды туристер көп ататын. Сондықтан жаңа заң тыныштықты бұзбау және өмірге қауіп төндірмеу мақсатында қабылданды.

Мариуш Ярковский, қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы:

- Тыйым тарихи орталықта орналасқан ескерткіштердің, сондай-ақ саябақтар, су қоймалары, өзендер мен бұлақтардың барлық қорғалатын аумағына қатысты қабылданған. Бұдан басқа, Прагадағы хайуанаттар бағының, жануарларға арналған орталықтар, қарттар үйлері, медициналық стационарлар мен әлеуметтік мекемелердің айналасында 250 метр аумақта жарылғыш зат атуға болмайды.