Ресейде фейерверктен бір адам қаза тапты

Оқыс оқиға Ресейдің Рязань облысының Захаровский ауданында болған, деп хабарлайды Хабар 24 ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Мәскеудің Шығыс әкімшілік округі бойынша ішкі істер басқармасының Экономикалық қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкері отбасылық шарада көз жұмды. Ол жаңа жыл түнінде жанұясымен фейерверк атқан. Отшашуды жағу кезінде жарылыс болып, соның салдарынан полиция қызметкері бас сүйегінен жарақат алып, сол жерде көз жұмған. Ол ішкі істер органдарында 2003 жылдан бері жұмыс істеген. Бұған дейін Ресей Федерациясы Рязань облысы бойынша тергеу басқармасының баспасөз қызметі отшашу кезінде жарақат алған 1984 жылы туған ер адамның өліміне қатысты тергеуге дейінгі тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын. Тергеушілер оқиға орнын қарап, пиротехникалық заттар мен қажетті құжаттарды тәркіледі.