АҚШ-та ПТР-тест тапсырушылар қатары артты

Кейінгі кезде күніне 500 мыңдай адамнан вирус анықталып жатқан АҚШ-та ПТР-тест тапсыруға кезек көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Висконсин штатының орталығы Милуоки шаһарында тіпті тәулік бойы жұмыс істейтін орталық іске қосылды. Тестілеу орыны алғашқы түні-ақ 500-дей көлікке қызмет көрсеткен.

Тамир Калоти, дәріхана директоры:

– Бізде түні бойы көлікпен келіп тексерушілердің қарасы үзілмеді. Қар жауып, боран соғып қиындық туғызғанына қарамастан, барлығына тиісті қызмет көрсеттік. Індетпен күресу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз.

Грекия да виурспен күресіп әлек. Күніге ондаған мың адам вирус жұқтырады. Мұнда да тестілеу орталығына келушілер көбейді. Соңғы бір тәулікте грек елінде 36 мыңнан аса адам дертке шалдыққан. Елдің денсаулық сақтау саласына ауыртпалық түспес үшін Афинада тегін экспресс-тест тапсыру орындары ашылған. 

Теодорос Кристодулу, тұрғын:

– Мен вирус жұқтырған адаммен байланыста болғандықтан тексерілуге келдім. Барлық қауіпсіздік шараларын сақтап жүргенмен, кеселді жұқтырып алмағаныма сенімді болғым келді.

ВАКЦИНА САЛДЫРМАҒАНДАРҒА ТАЛАП КҮШЕЙЕДІ

Франция қаңтардың ортасынан бастап шектеуді қатаңдатпақ. Елде ковидке қарсы вакцина салдырмағандар кинотеатр, мейрамханаға барып, пойызға отыру үшін ковид төлқұжат көрсетуге тиіс. Заң жобасын парламент қызу талқылап жатыр. Ал вирус екпе алған адамдар үшін оқшаулау тәртібі жеңілдетілді. Яғни вакцина салдырғандар дертке шалдықса, баяғыдай 10 күн емес тек 7 күн карантинде болады. Екпе салдырмаған азаматтар 10 күн оқшауланады. Сонымен қатар билік енді ковид төлқұжатты тек екпе алған адамдарға ғана беруді қарастырып жатыр. Бұған дейін құжат ПТР-тест тапсырғандарға берілетін.

Оливье Веран, Франция денсаулық сақтау министрі:

– Заңның мақсаты азаматтарымыздың жеке және ұжымдық еркіндіктерін шектеу емес керісінше, олардың өмірін сақтап, ауруханаларға түсетін ауыртпалықты азайту. Дәрігерлерімізді қорғау.

МЕМЛЕКТТІК МЕКЕМЕЛЕРГЕ ТЕК КОВИД-ТӨЛҚҰЖАТПЕН КІРГІЗІЛЕДІ

Рождество мерекесінен кейін вирус жұқтырғандар қатары күрт артқан Боливия да вакцина салдырушыларға талапты күшейтті. Енді дүкендер мен мемлекеттік мекемелерге екпе салдырған азаматтар ғана кіре алады.  Қазір 12 миллионға жуық тұрғыны бар Боливияда халықтың 50 поценті толық вакцина қабылдаған.

Авторы: Дәурен Ақашұлы