ДДСҰ: екі айда жарты еуропалық омикрон жұқтырады

Бізге енді жеткен омикрон Еуропаны жайлап алған, деп хабарлайды Хабар 24.

Алдағы 2 айда кәрі құрлық халқының жартысынан астамы омикрон жұқтырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы осындай. Кейінгі күндері омикронның өте тез таралатынын көрсеткен. Қазір ол Батыс Еуропада басым штамға айналып барады. Сондай-ақ Балқан түбегі елдерінде тез тарап жатыр. Әсіресе вакциналау деңгейі төмен елдердегі жағдай алаңдатарлық.

Ханс Клюге, ДДСҰ-ң еуропалық аймақтық бюросының директоры:

– Омикронның басқа штамдармен салыстырғанда тез тарайтынын растайтын мәлімет алып отырмыз. Оны бұған дейін індетпен аурып шыққан, не екпе қабылдаған адамдар да жұқтыра алады. Алайда тағы да айтамыз вакцина салдырыңыздар. Өйткені екпе аурудың ауыр формада өтуінен, не өлімнен қорғайды. Омикрон Еуропа мен Орталық Азиядағы 53 мемлекеттің 50-інде тіркелді. Шектеу шараларын күшейткенде, білім ошақтарының жұмысына ерекше назар аудару керек. Басқа мекемелермен салыстырғанда, мектептер ең соңғылардың бірі болып жабылып, ең алғашқылардың бірі болып ашылуы тиіс.