Өзбекстанда ұлттық коммуникациялық желілер құрылады 

Өзбекстанда жаңа мессенджер және әлеуметтік желілер пайда болмақ, деп хабарлайды Хабар 24.

Қазір осы үшін арнайы жол картасы түзіліп, үкімет саладағы компанияларды ынталандыру механизмдерін әзірлеп жатыр. Ұлттық коммуникациялық платформаларды құруға айти мамандар мен, ірі кәсіпкерлер тартылады. Бағдарламалық құралды жасап, қолдану аясын кеңейткендер салықты аз төлейді. Ел билігі осындай бастаманы 2014 жылы да қолға алған болатын. Бірақ «WhatsApp» желісіне балама ретінде жасалған қосымшалар көп өтпей, іске жарамай қалған.

Шерзод Ахматов, Өзбекстан коммуникация және ақпараттық технологияларды дамыту министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Елде цифрлық инфрақұрылымды дамыту және осы саладағы компанияларға салықтық жеңілдік жасау жұмысы жүріп жатыр. Бүгінде Өзбекстанда интернет қолданушылар саны 27,2 млн-ға жетті. Елді мекендердің 95 проценті мобильді интернетпен қамтылды. Ал ондағы тұрғын үйлердің жартысынан көбі жоғары сапалы ғаламторға қосылды.