Пандемиядан құтылатын күн жақындап келеді – шетел ғалымдары

АҚШ-та желтоқсан айынан бері вирус жұқтыру көрсеткіші күрт артты. Өткен дүйсенбі күні 1 миллион 350 мың адам індетке шалдығып, тәуліктік рекорд орнады, деп хабарлайды Хабар 24.

Ауруханаға 136 мыңнан аса тұрғын түскен. Мамандар індеттің өршуін омикронның таралуымен байланыстырып отыр.

Коронавирус құрлықты қайта жаулай бастағанмен, бұл дерттен көз жұмғандар қарасы алдыңғы толқындардағыдай жоғары емес. Дәтке қуат болып тұрғаны осы ғана. Бірақ дертке дауа жоқ. Бір күні болмаса, бір күні баудай түсірмесіне кім кепіл?

Трейси Дисальво, Жұқпалы аурулар жөніндегі мемлекеттік бюро директоры:

– Висконсин штатында бір күнде вирус 11 мыңнан астам адамнан анықталды. Бұл пандемия басталғалы ең жоғарғы көрсеткіш. Жедел жәрдем қызметіне жүгінгендер қарасы артып келеді.

Алайда Құрама Штаттарда вирус жұқтырғандар санының күрт өскеніне қарамастан жұқпалы кеселден өлім-жітім деңгейі төмен. Егер былтыр қаңтар кезінде covid-19-дан 3 мыңнан аса адам көз жұмса, қазір бұл көрсткіш 1,5 мың деңгейінде қалып отыр. Мамандар мұны омикронның науқастарда жеңіл өтетінімен түсіндіреді. 

Рауль Шарма , Нью-Йорк пресвитериан ауруханасы жедел жәрдем қызметінің бас дәрігері:

– Коронавирустың омикрон түрін жұқтырған науқастардың көбінде дерт жеңіл өтіп жатыр. Адамдардың тек тамағы мен басы ауырып, мұрыны бітеліп, шаршап әлсіреуімен шектеледі. Бірақ бұған дейінгідей науқастың өкпесі қабынып, оттегінің жетіспеуіне әкелуі сияқты ауыр жағдай байқалмайды. Бұл әрине өте қуантарлық жайт.

Оңтүстік Африка респбуликасы ғалымдарының зерттеулері де омикроннан өлім-жітімі өзге штамдарға қарағанда 75 процентке аз екенін көрсетіп отыр. Мысалы, бұл елде омикрон тарағалы оны жұқтырып ауруханаға түскен науқастардың тек 4,5 проценті қайтыс болған. Алдыңғы толқын кезінде бұл көрсетікш 21,3 процентті құраған. Бұрынғы штамдарда 99 процент жағдайда өкпе асқынып, оттегі жетіспеушілігіне әкелсе, қазір тек науқастардың жартысынан аз бөлігі осындай жағдайға тап болады екен.

Абди Махмуд, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі

 – Омикронға қатысты көп зерттеулер жүргізіліп жатыр. Олардың көбі өкпе мен тыныс алу жүйесіне қатты әсер етпейтінін көрсетіп отыр. Бірақ зерттеуді жалғастыра беруіміз қажет. Осы жерде вакцина дерттің асқынуынан сақтайтынын баса айтқым келеді.

Ресейдің Гамалея орталығының ғалымдары да омикронмен ауырғандар арасында өлім-жітім 4-17 есе аз екенін айтады. Өткен желтоқсан айында бұл елде күн сайын коронавирустан 1 мыңнан аса адам көз жұмса, қазір бұл көрсеткіш біршама төмендеген. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшылары әлемде сәуір айына дейін жағдай күрделі болатынын айтады. Алайда Оңтүстік Африка ғалымдары егер омикрон штамының таралуы осы елде бір айдың ішінде бәсеңдесе, бұл дүниежүзі пандемиядан құтылады дегенді білдіреді деп отыр.

Авторы: Дәурен Ақашұлы