Грузияны қымбатшылық жайлап барады

Грузияда тауарлар мен қызмет көрсету ақысы қымбаттап жатыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Елдегі жылдық инфляция деңгейі соңғы 10 жылда ең жоғары көрсеткішке жеткен. Ал халықтың кірісі керісінше, азайды. Көптеген азаматтардың айлығы шайлығына жетпейді. Инфляция тауқыметін бірінші кезекте тұрмысы төмен отбасылар тартуда. Тбилиси тұрғыны Надежда Котляревская жалғызбасты ана. Ол 4 бала тәрбиелеп отыр. Кенжесінің жасы 2-де. Айына 130 доллар жәрдемақы алады. Бұл ақша тамақтан артылмайды.

Надежда Котляревская, көп балалы ана:

– Жәрдемақы түкке жетпейді. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, соңғы кездері ет пен жеміс-жидектің бағасы аспандап кетті. Қысқы мезгілде балалар, әсіресе, ет тағамдарын көп сұрайды.

Грузиядағы жылдық инфляция жоспарлы көрсеткіштен 4 жарым есе артып, 14 процентке жетті. Елде қымбаттамаған нәрсе қалмады. Азық-түлік 45, комтөлем 43, жолақы 17 процентке көтерілді. Медицина қызметі де қымбаттады.

Ото Абесадзе, Кавказ университетінің профессоры:

– Ұлттық банк пен мемлекет ұлттық валюта – лариді баса бергенді тоқтатуы тиіс. Инвесторларды елге көптеп тарту керек. Оларға ірі жобалар ұсыну үшін саяси тұрақтылық ауадай қажет. Өкінішке қарай, бізде бәрі кері кетуде.

Сондай-ақ сарапшылар ел экономикасының күретамыры – шетелдік туризмді жандандыру қажет деп есептейді. Бірақ мамандар бұл саланы толық қалыпқа келтіру үшін кемінде 3 жыл керек дейді.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Юлия Тужилкина