Әлемдік экономиканың дамуы бәсеңдейді

Биыл әлем экономикасының даму қарқыны баяулайды. Дүниежүзілік банк осындай болжам жасады. Сарапшылар Әлемдік саудаға індеттен бөлек, климаттық өзгерістер де кері әсер ететінін айтады. Ковид-19-дан бүлінген тауар жеткізу желісінің қалпына келуі үшін әлі көп уақыт керек - дейді сарапшылар.

2022 жылы ғаламдық ішкі жалпы өнімінің өсімі 4,1 проценттен аспайды. Былтыр маусым айында 4,3 процентке өседі деп болжанған еді. Мысалы 2021-ші жылы экономикасы 5,6 процентке өскен АҚШ-та даму 3,7 пайызға дейін төмендесе, Еуроодақта өсім 1 процентке азайып, 4,2 процентті құрайды. Мамандар бұған коронавирус індетінің жалғасуы мен экономикалық ынталандыру шараларының қысқаруы әсер ететінін айтады. Тауар тасымалдау мәселесі де әлі шешілмеген. 

Айхан Коуз, Дүниежүзілік банкті дамыту перспективалары жөніндегі топтың директоры:

– Дамыған елдерден бөлек, дамушы мемлекеттердің де экономикасы бәсеңдеп жатыр. Айталық дамыған елдер өндірісі пандемияға дейінгі деңгейге тек 2023-іші жылдың аяғында жетеді. Ал дамушы мемлекеттерде індет басталғанға дейінгі көрсеткіштен 4 процент төмен болады.   

ДҮКЕНДЕРДЕ ТАУАР АЗАЙҒАН

Мамандар экономиканың баяулауын инфляцияның шарықтауымен байланыстырады. АҚШ-та оның деңгейі 7,1 процентке дейін жетіп қарапайым азаматтардың өмірі қиындай түскен. Қазір Америкада дүкен сөрелерінде тауар жетіспеушілігі байқалады. Бұған тасымал мен жұмыс күшінің тапшылығы ықпал еткен. АҚШ-та қазір 80 мың жүргізуші жетіспейді.

Джефф Фриман, Тұтынушылар қауымдастығының басшысы:

– 2020 жылы коронавирус пайда болғалы тұтынушы сұранысы артты. Біздің зерттеуіміз бойынша оның жылдық көлемі 11 процентке көтерілген. Бұл әрине таңқаларлық жағдай.

БАСТЫ ҚАУІПТІҢ БІРІ – КЛИМАТТЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР

Ал Швейцариядағы дүниежүзілік экономикалық форум ұйымы климаттық өзгерістер ғаламшарға төнген ұзақ мерзімді басты қауіп деп отыр. Экстремальды ауа райы мен табиғи апаттардан әлем экономикасы көп зардап шегетінін алға тартады.

Бёрге Бренде, Дүниежүзілік экономикалық форум президенті:

– Біздің ғаламшарға төніп тұрған 2 басты мәселе бар. Ол климаттың өзгеруіне қарсы бағытталған келісімдердің орындалмауы және ауаға зиянды қалдықтардың таралуы. Салдарынан жаппай су тасқыны, құрғақшылық, орман өрттері сынды табиға апаттар жиі болады.

ЕЛДЕ АПТАП ЫСТЫҚ ОРНАДЫ

Климаттың өзгеруін Аргентина тұрғындары сезіп жатыр. Оңтүстік Америкадағы мемлекетте ауа температурасы 45 градусқа дейін көтеріліп, елде тарихи аптап ыстық орнады. Салдарынан электр желісіне ауыртпалық түсіп, жүздеген мың адам жарықсыз қалды.

Марта Лоруссо, тұрғын:

– Мен осы жерде туып өскенмін. Кішкентай кезімде бұл аймақта ауа райы қоңыржай салқын еді. Бірақ температура жыл сайын өзгеріп қазір мүлдем ыстық болып кетті.

ТОЛАССЫЗ ЖАУЫН САЛДАРЫ

Ал көрші Бразилияда керісінше жауын-шашын мен су тасқынынан зардап шегіп жатыр. Кейінгі екі айда елдің солтүстік-шығысында жаңбыр қайта-қайта жауып, мыңдаған адам баспанасын тастап қауіпсіз жерге көшуге мәжбүр. 40-тан астам қаланы су басқан. Ал өткен демалыс күндері Минай-Жерайс штатындағы нөсерден Кариока бөгеті суға толып, жарылу қауіпі туды. Тұрғындар бөгеттің төменгі жағында 5 қала жатқанын айтады.

Дәурен Ақашұлы