Армения-Әзербайжан шекарасындағы атыс кезінде әскерилер қаза тапты

Армения Қорғаныс министрлігі Әзербайжанмен арадағы шекарадағы атыс кезінде 3 сарбазының қаза тапқанын хабарлады.

Тағы 2 жауынгер жарақат алып, ауруханада жатыр.

Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы қалыпты. Әзербайжанның Қорғаныс министрлігі де бір әскери қызметкерінің көз жұмғанын хабарлады. 11 қаңтарда екі ел шекарасында атыс-шабыс болған. Әзербайжан өкілдері көрші ел әскері арандатушылық әрекетке барды дейді. Ал Армения жағы керісінше қарсы тарап артиллерия мен ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын қолданып, оқ атпау тәртібін бұзғанын айтады. Былтырғы жылдың соңында Армения премьер-министрі және Әзербайжан президенті Брюссельдегі кездесу барысында Таулы Карабах бойынша уағдаластықты бұлжытпай орындауға келіскен болатын.