Таразда бүлікшілерге қарсы операция жалғасып жатыр

Таразда арнайы әскери операция жалғасып жатыр. Күштік құрылымдар тәулік сайын ондаған адамды ұстап, ірі көлемде қару-жарақ тәркіленуде. Соған қарамастан қалада жаппай тәртіпсіздік кезінде қирап, өртенген нысандарды қалыпқа келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Құрылысты 1-2 айда толық аяқтау көзделіп отыр. Қазір құрылысшылар екі ауысымда жұмыс істеп жанталасып жатыр. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Жалпы Жамбыл облысында зардап шеккен нысан саны жетеу. Төртеуі полицияға тиесілі болса, біреуі облыс әкімдігі. Ал екеуі Нұр-Отан партиясының облыстық және Шу аудандық филиалдары. Сонымен қатар қирап тоналған 4 бизнес нысан бар. Жалпы келген шығын 7,6 миллиард теңгеге жетті. Қазір мемлекеттік нысандарды қалыпқа келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Оған 6 құрылыс компаниясы тартылды. Мердігерлер әзірге барлық шығынды өздерінің есебінен көтеріп жасайды.  Оған 680- ге жуық жұмысшы мен 35 техника жұмылдырылып отыр. Барлық құрылыс жұмыстарын 1-2 айда аяқтау жоспарда.

Әлібек Аманбай, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Міне мынау облыстық Нұр-Отан партиясының ғимаратының қазіргі күйі.  Біздің тілшілер қосыны осы жерде болатын. "Хабар", "Хабар 24" телеарналарында Жамбыл облысынан тарайтын барлық ақпарат осы жерде дайындалып осы жерде жасалатын. Өкінішке орай, барлық кәсіби апараттар, камера, компьютерлердің қазір бірі де қалған жоқ. Құрылысшылар күлге айналған қалдықтарды тазартып жинап жатыр.  Ал қара күйе болған ғимараттың сыртын ақтау, тазалау жүріп жатыр.

Облыстық әкімдік таратқан ақпаратқа сәйкес, жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 2 мыңға жуық адамның қазір 400-і ұсталған. 38 қылмыстық іс қозғалды. Арнайы әскери операция әлі де жалғасып жатыр.  36 жерде блок-бекет қойылған.  Барлық көліктер жіті тексеріліп жатыр.

Жамбыл облысында соңғы бір аптада 104 заңсыз қару-жарақ тәркіленді. 38 Калашников автоматы, 13 алыстан дәлдеп ататын снайпер винтовкасы, 18 тапанша тағы басқа қару анықталды. Өткен тәуліктің өзінде жедел шара кезінде 26 адам ұсталып, олардан 18 қару табылды. Кеше қолға түскендерден РГП гранатаметі тәркіленген. Коменданттық сағат уақыты 23:00-ден 7:00-ге дейін.  Вокзалдар мен әуежайларда сағат 23:00-ден кейін келетін жолаушыларды тасмалдайтын автобустар қойылған. Ал қаладан жолға шығатындар 23:00-ге дейін ерте жетіп алулары тиіс. Жалпы өңірде ахуал тұрақты. Қоғамдық көліктер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Алайда қауіп толықтай сейілген жоқ. Сондықтан тұрғындардың қойылған барлық төтенше жағдай талаптарын қатаң орындағаны абзал.

Руслан Бақытбекұлы,  Бақытжан Бапаев,  Руслан Ахатіллә

Сондай-ақ...