Өзбекстанда вакцина салдыру міндетті ме?

Өзбекстанда вакцина салдыру міндетті ме?

Өзбекстанда халықты вакциналау міндетті болуы мүмкін. Бұл туралы елдің үкімет өкілдері хабарлады. Министрлер кабинеті өзбекстандықтар арасында жалған екпе паспортын жасаушылар көп екеніне алаңдап отыр. Жағдай осылай жалғаса берсе, билік халықты жаппай вакциналауға мәжбүр болады дейді мамандар. 

Бұл ел астанасындағы халқы ең тығыз қоныстанған ауданның бірі. 400 мыңнан астам халық тұрады. Соның 55 проценті толыққанды вакциналау курсынан өткен. Тұрғындарға негізінен шетелдік екпелер ұсынылады. Таяуда тағы бір парасы елдің барлық емханасына жеткізілді.

Өзбекстанда осы күні вакцина алу тегін. Қолданыста ресейлік, америкалық және еуропалық екпелер бар. Өзбекстан мен Қытай бірлесіп шығарған препарат та салынып жатыр. Таяуда вакциналанғандар арасында бағалы сыйлық ұтысы ойнатылатыны белгілі болды. Қаңтар айының алғашқы күнінен бастап емхана және арнайы пункттерге келушілер көбейген.

Коронавирустың жаңа штамы да елді алаңдатып отыр. «Омикрон» жұқтырған алғашқы адам 7 қаңтар күні анықталды. Ол Дубайдан оралған саяхатшы. Осыдан кейін жауапты органдар карантин ережесін қарастырып, толыққанды шектеу әзірге енгізілмейтінін хабарлады. Тек санитарлық нормалар қатаңдатылады. Оқу орындары дәстүрлі форматта оқытуын жалғастырады.

Әзизбек Низамов, Алмазар ауданы медицина бірлестігінің басшысы:

– Вакциналау пункттерінде барлық екпе бар. Файзер, спутник ви, coronavac, астразенека, сонымен қатар Өзбекстан мен Қытай бірлесіп шығарған вакцина да бар. Жақында 500 мың доза Модерна да әкелінді. Күні ертең оны қолдануды бастаймыз. Соңғысына сұраныс өте көп.

Елде жалған вакцина паспортын жасаушылар азаяр емес. Вакциналау ісіндегі жемқорлық үкіметті қатаң шара қабылдауға мәжбүр етіп отыр. «Жалған құжат жасау тыйылмаса, екпе алу міндетті болады», – дейді билік өкілдері. Өткен тәулікте Өзбекстанда 700-ден астам адамнан қауіпті инфекция анықталды. Бірер күн бұрын көрсеткіш 500-дің шамасында еді.