Қырғызстанда коронавирустың төртінші толқынымен күрес басталды

Қырғызстан коронавирустың төртінші толқынымен күрес бастады. Кейінгі аптада елде науқастар саны күрт артқан. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша республикада қауіп-қатердің "сары", ал Бішкекте "қызыл деңгейі" жарияланды. Мұнда сырқаттар көбейген соң жедел жәрдемнің жұмысы ауырлап, оларға Қызыл Жарты ай қоғамы көмекке келді.

Қырғызстанда соңғы 3 күнде күнделікті індет жұқтыру деңгейі 30 процентті құрады. Бұл көрсеткіш Бішкекте 4 есе жоғары. Мұнда 586 науқас тіркелген. Ал шалғайдағы Баткен облысында 5 адам ковид жұқтырған. Осы елдегі Қызыл жарты ай қоғамы қосымша көмек ретінде жедел жәрдем көлігін шығарды. 

Айдай Эрикова, Қырғызстанның Қызыл жарты ай қоғамының қызметкері:

- Біз 118 қызметімен бірге жұмыс істеп, көмектесіп жатырмыз. Олардың мамандары шақырған жерге барып, ПТР тест үлгісін алады, қажет болса адамды ауруханаға жатқызады.

Бішкектегі жедел жәрдем қызметі мұндай қосымша көмекке дән риза. Қысқы мезгілде тыныс алу ауруларының асқынуы жағдайды одан сайын ушықтырып отыр. Осындай қарбаласта медицина қызметкерлерінің тапшылығы сезіледі. Себебі "жедел жәрдем" қызметінде жалақы төмен және техникалық жағынан қамтамасыз етілуі нашар. 

Искендер Шаяхметов, шұғыл медицина орталығының директоры:

- Тәулік бойы жұмыс істейтін бір бригада 10 мың адамға деп есептеледі. Біздің қалада 1 миллион 48 мың тұрғын есепте тұр. Сонда бізге кемінде 100 бригада керек.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша елде 1 миллион 200 мыңнан астам адам ғана вакцина салдырған. Республикалық инфекциялық-емдеу ауруханасында 165 науқастың екеуінен омикрон штамы анықталды. 

Бакыт Чермашев