Францияда вакцина алмағандардың құқығын шектейтін заң қабылданды

Францияда санитарлық дағдарыспен күресуге бағытталған жаңа заң үшінші оқылымнан кейін қабылданды.

Заңға сәйкес, ковид-төлқұжаты жоқ 16 жастан асқан азаматтар осы аптаның соңынан бастап кафе-барларға кіре алмайды. Концерттер мен спектакльдерге және спорттық шараларға қатысуға да рұқсат жоқ. Бұрынғы норма бойынша екпе алудан бас тартқандар теріс нәтижелі ПТР-тест ұсынған жағдайда аталған жерлерге емін-еркін бара алатын. Бұдан бөлек коронавирусқа қарсы вакцина салдырмаған француздар енді пойыз немесе ұшақпен де саяхаттай алмайды. Бұл үшін жақынының қайтыс болуы секілді нақты себеп болуы керек. Жаңа заңда сонымен қатар вакциналау сертификатын қолдан жасауға қатысты жауапкершілік жағы да қатаңдатылды. Яғни азаматтарға 75 мың еуроға дейін айыппұл салынып, 5 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Өзге біреудің төлқұжатын ұсынған жағдайда оны қолданған адам да, сертификат иесі де 1 мың еуро көлемінде айыппұл төлейді. Сонымен қатар Францияда алғаш рет заңда елдегі санитарлық жағдай талап етсе қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіру жағы да қарастырылды.

Гийом Ларриве, Ұлттық ассамблея депутаты:

- Біз вакциналау төлқұжатының маңызын түсінеміз. Сондықтан Сенат кеше тиісті заң жобасын мақұлдады. Жалпы Ұлттық Ассамблея оны толық құптайды. Десе де, бұл шарадан тезірек арылғымыз келеді.