Әлем елдерінде қыс қаһарына мінді

Грекияның Самотраки аралы қалың қар құрсауында қалды. Мамандардың айтуынша, жауған ақ ұлпаның қалыңдығы бірнеше метрден асады. Табиғаттың тосын мінезінен шалғайдағы елді мекен тұрғындары үйлерінде қамалып отыр. Тас жолдарда көлік қатынасы тежелген. Апаттан жергілікті халық жарықсыз қалды. Коммуналдық қызмет пен құтқарушылар өңірді тазарту жұмыстарына кіріскен.

Гиоргос Василукас, өрт сөндіруші:

- Қиын жағдайға тап болғандарға қолдан келгенше көмек көрсетіп жатырмыз. Қажет болса, дімкәс жандарға дәрігерлерді жеткіземіз. Кей жерлерде жауған қардың қалыңдығы 3 метрден асады. Оның үстіне аймақта қатты жел соғып, құтқару операциясына кедергі келтіріп тұр.

Қалың қардан Грузия да зардап шекті. Аймақта дауыл мен көктайғақтан тас жолдар жабылған. Батумидегі Қара теңіз жағалауындағы курортқа айтарлықтай шығын келді. Кей жерлерде электр энергиясы торабы бүлінген. Мамандардың болжауынша, қолайсыз ауа райы апта соңына дейін жалғасуы мүмкін. 

Георгий Церетели, Грузия автомобиль жолдары департаментінің басшысы:

- Ірі тас жолдарда қозғалыс қиындап, жүк көліктерінің жүруі шектелген болатын. Қазір жолдардағы қар күреліп, бірте-бірте ашылып жатыр. Жүргізушілерге жылдамдықты асырмай барынша абайлап жүруді ескертеміз.

Тонго арал-мемлекетінің жағалауында жанартау оянды. Табиғаттың тосын мінезінен Тынық мұхитында цунами басталып Перудің бірнеше қаласы су астында қалды. Салдарынан кей жерлерде су деңгейі белуардан асады. Қазір аймақтағы кемежайлар жұмысын тоқтатты. Перуде апаттан 2 адам опат болған.

Цунами қаупі Канада, АҚШ, Жапония, Австралия мен Жаңа Зеландияда да жарияланды. Табиғат апатынан АҚШ-тың бірнеше елді мекені шығынға батты. Мәселен, қатты бораннан ағаштар құлап, Джорджия, Флорида, Оңтүстік және Солтүстік Каролина штаттарында электр желілері үзілген. Флорида штатында 50-ге жуық баспана қирап, жол апаты жиіледі. Қауіпті өңірлерден тұрғындар эвакуацияланып жатыр. Ал Шарлотт/Дуглас халықаралық әуежайында 1200 рейс сапарға шыға алмай қалды.

Рей Купер, Солтүстік Каролина штатының губернаторы:

- Штатта 4100-ден астам үй мен жеке нысан жарықсыз отыр. Жылу да өшті. Өкінішке орай, электр желілерін қалпына келтіріп үлгіре алмай жатырмыз. Керісінше жарық жиі сөнуі мүмкін. Жарықсыз және жылусыз қалған тұрғындарға шұғыл арнайы орталықтар әзірлеуге кірістік.

Израильдің бірнеше қаласы да су тасқынынан зардап шекті. Көшеде көлік қозғалысы тежелгендіктен халық қайықпен қатынауға мәжбүр. Қазір қар аралас жауын жауып тұр. Синоптиктердің айтуынша, нөсер жауыннан кейін аймақта ауа температурасы күрт төмендеуі мүмкін. Желдің екпіні де күшейеді делінген.

Сондай-ақ...