Ресей вирус жұқтыру бойынша ең жоғары көрсеткішке жету алдында тұр

Ресейде коронавирус кең етек жайды. Алдағы 1-2 аптада бұл елде вирус жұқтырғандардың қатары ең жоғарғы деңгейге жетуі мүмкін. Күндік көрсеткіш 200 мың адамды құрайды деген болжам бар.

Мәскеуде коронавирус төңірегіндегі ахуал ушығып барады. Небәрі бір аптада вирус жұқтыру дерегі 2 есеге өсті. Алдағы күндері бұл сан 14 есеге артып кетуі мүмкін. Яғни күндік көрсеткіш 90 мың адамға жетіп қалуы ықтимал, дейді эпидемиологтар. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша омикронды қайта вирус жұқтыру қаупі 5 есе жоғары. Десе де, дельтаға қарағанда ол жеңіл өтеді екен.

Гузель Улумбекова, денсаулық сақтау бойынша ұйымдастыру және басқару жөніндегі жоғарғы мектебінің ректоры:

- Омикрон штамын жұқтырып жатқандар дельтаға қарағанда 2-3 есе көп болғанына қарамастан ауруханаға түскендердің үлесі 2,5 есе аз. Жансақтау бөліміне жату қаупі 4 есе төмен. Ал өлім-жітім көрсеткіші 10 есе аз. 

22 қаңтарға қарай ел бойынша вирус жұқтыру ең жоғарғы көрсеткішке жетуі мүмкін. Вашингтон университеті жанындағы денсаулық көрсеткіштері институтының ғалымдары қазір осылай деп отыр. Десе де, ресейлік мамандар ақпанның басында омикронмен ауыру деңгейі төмендейтінін айтады. 

Анатолий Альтштейн, Гамалея орталығының бас ғылыми қызметкері:

- Қаңтар айының соңында, ақпан айының басында Ресей Федерациясында омикрон жұқтыру деңгейі төмендейді деген болжам жасауға болады. Бірақ қазір вакцина қабылдау өте маңызды. 

Ресейдің тұтынушылар құқығын қорғау қызметі мәлімдегендей, 2020 жылы Италияда болған денсаулық сақтау жүйесі дағдарысын болдырмау үшін елде жаңа толқынға қарсы тиісті дайындық жұмыстары жүргізілген. Дәрігерлердің айтуынша, коронавируспен ауырып шыққандардың 30 процентінде ковидтен кейінгі синдром анықталады.

Александр Горелов, Ресейдің тұтынушылар құқығын қорғау қызметі өкілі:

- Коронавирус жазылып шыққаннан кейін азаматтардың иммунитеті әлсіреп қалады. Бірінші кезекте иммундық тромбоз. Жалпы ковидтен кейінгі қиындықтардың бәрі осы иммун әлсіздігімен байланысты.

Қазір Ресей вирус жұқтыру саны бойынша ең жоғары көрсеткішке жету алдында тұр. Ал халықты вакциналау көрсеткіші әлі де төмен. Осы уақытқа дейін 77 миллионға жуық адам екпе салдырған. Ал ұжымдық иммунитет деңгейі 60 проценттен сәл ғана асады.

Дана Нуржан, Шахзод Гамиров

Сондай-ақ...