Тонгадағы табиғи апаттан тұрғындар жапа шегіп жатыр

Тынық мұхитындағы Тонга мемлекетіне жақын жатқан Хунга Хаапай жанартауы атқылауын тоқтатқан жоқ, деп хабарлайды Хабар 24.

Аралды елге табиғат апатынан қандай шығын келгені әзірге нақты белгісіз. Жаңа Зеландия мен Австралия жағдайды анықтау үшін барлау ұшақтарын жіберді. Отты таудан шашыраған күл азайып, ахуал біршама жақсарған соң әскери кемелермен алғашқы көмек жіберілмек. 

Тынық мұхитында жатқан жанартау өткен сенбі күні атқылады. Отты таудан шашыраған күл 20 шақырым биіктікке дейін жетті. Табиғи апаттан Тонганың мұхит астында жатқан байланыс желісі бүлініп, аралды елмен қатынас үзілген. Тұрғындар ғаламтордан ажырап қалды. Жанартаудан 65 шақырымдай жердегі ел астанасы Нукуалофаны 1,5 метрлік толқын соғып, күл басқан. Ақпарат құралдары британиялық бір әйел көз жұмғанын хабарлады. Бірақ табиғат апатынан  келген залал көлемі мен адам шығыны туралы нақты ақпар жоқ.

Кертис Туйхаланджинджи,  Австралиядағы Тонга жоғарғы комиссия миссиясы басшысының орынбасары:

– Тонгада жағдай әлі тұрақсыз. Бізде елмен тікелей байланыс жоқ, сондықтан ақпар да аз. Бірақ Сыртқы істер және сауда министрлігінен алған мәліметке қарағанда табиғат апатынан келген шығын аз  және әзірге опат болғандар жоқ деген мәлімет бар. Адам шығыны болмас деген үміттеміз.

Отты таудың дүмпуі мыңдаған шақырым жердегі елдерге де сезілген. Тынық мұхитында алып толқындар пайда болды. Жанартаудан 8 мыңдай шақырым жерде орналасқан Жапонияның Сикуоку аралын 1 метрлік толқын соғып, 30-дай кеме аударылып қалған. 200 мың адам эвакуацияланды.

АҚШ, Чили және өзге де елдер мұхит жағалауында жатқан аймақтарға цунами қаупі туралы хабар таратты. Перуде толқыннан 2 адам көз жұмып, жағалаудағы зауытқа мұнай құйылып тұрған кемеден шикізат төгілді. 80 порт уақытша жабылды.