Германияда атом энергиясына қарсы наразылық болды

Германияның бірнеше қаласында бір аптадан бері шеру толастамай тұр, деп хабарлайды Хабар 24.

Биылғы жылдың басында Еуропалық комиссия Еуроодаққа мүше елдерге, атом энергиясы мен газды «жасыл» қуат көзі деп мойындау туралы құжат таратқан. Наразылық шаралары осы шешімге қарсы бағытталған. Берлиндегі ереуілді экологтар мен «Ата-аналар болашақ үшін» ұйымының мүшелері ұйымдастырды. Олар канцлер Олаф Шольцтың резиденциясының жанына келіп, одан аталған құжатқа қарсы шығуды талап етті. Негізі Германия атом электр станцияларынан біртіндеп бас тартып жатыр. Қазір елде осындай 3 нысан жұмыс істеп тұр. Жоспар бойынша бұл станциялар жылдың соңына дейін жабылуы тиіс.

Аня, белсенді:

– Ұлыма қазір 7 жарым ай толды. Мен оның болашағына алаңдаймын. Өйткені ол ержеткенде климат толық өзгереді. Біз осы өзгерістің теріс салдарымен қазірден күресуіміз керек. Атом энергиясы мен газды қолдау – бізді адастырады. Біз инвестицияны баламалы қуат көзіне салуымыз керек. Саясаткерлер Париж келісімдерін қолдайды, елімізді тура жолға бастайды деп сенемін.

Марит, белсенді:

– Ешбір сарапшы атом энергиясын экологиялық жағынан таза деп айтпайды. Осы тұрғыда Германияның ұстанымы өте маңызды. Канцлер «жоқ» деп айтсын. Егер ол бұлай деп мәлімдемесе, онда оның газ бизнесіне бүйрегінің бұрғаны деп білеміз. Біз болашағымыздың жарқын болғанын қаласақ, баламалы энергияға басымдық беруіміз қажет.