Украинада вакцинаның екінші дозасын алған адамға ақша төлейді

Украинада коронавирус жұқтырған адам саны бір күнде 10 мыңнан асады. Өткен үш тәуліктегі жағдай осы. Мұның сыртында тәулігіне жүзден астам адам осы дерттің салдарынан жан тапсырады. Дәрігерлердің мәлімдеуінше, ауруханаға жеткізілгендердің 95 проценті екпе алмаған.

Қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істейтін Евгений екпенің екі дозасын алып үлгірді, енді бустерлік дозасын күтіп жүр. Украинада қос компонентті алған адам саны 10 млнға жетті. Дей тұрғанмен, жаңа жылдан бері елде індетке шалдыққан жандар саны қайта өсіп, үш күннен бері 10 мыңнан асып тұр. 

Евгений, Киев қаласының тұрғыны:

- Қоғамдық орында жұмыс істеймін, сондықтан вакцинасыз аттап басу мүмкін емес. Қайта-қайта тестке ақша төлегенше екпе алып, еңбектенгенім ыңғайлы. Украинаның сертификаты Еуропада мойындалған, сондықтан саяхаттауға ыңғайлы. 

2014 жылы басталған ел шығысындағы соғыс жастардың Еуропа елдеріне үдере көшуіне себеп болды. Экономикалық стратегия орталығының ресми мәліметі бойынша еңбекке жарамды жастағы украиндардың шамамен 16%-ы, яғни 4 миллионнан астам азамат шетелде жұмыс істейді. Ал Еуропа үшінші дозаны өткен жылдан бастап енгізді, яғни бустерлік дозасыз адам еңбекке жарамды деп табылмайды.

Евгений, Киев қаласының тұрғыны:

- Еуропада қазір үшінші доза талап етіле бастады. Менің әріптесім Италияда жұмыс істеуге жиналып жатыр. Оған бустерлік, яғни үшінші дозаның қажет екенін айтты. Екпе алмасаң еңбек етуге мүмкіндік жоқ және карантиндік шектеулер қойылады.

Украина денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша 2021 жылдың бірінші тоқсанында коронавирустан қайтыс болғандардың 95 процентінде екпе болмаған. Бірақ әлі де вакцина алуға жарамды 10 млн тұрғын екпеге қарсы. Ел үкіметі халықтың осы бөлігін ынталандыру үшін үкіметтен екпенің екі дозасын алған әр азаматқа 1000 гривень, яғни 16 мың 153 теңгеден бере бастады. Алайда бұл ақшаны тек театр, кино, көрме мен ішкі рейстегі пойыздың билетіне төлеуге болады.

Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Сондай-ақ...